Облысқа келген республикалық ақпараттық-насихаттық топ «Достық үйінде» кездесу өткізді. Кездесуде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев бастаған топ өкілдері теміржолшыларға Елбасы Жолдауының негізгі бағыттары жайлы түсіндірме жасады.
Комитет төрағасы төртінші өндірістік революция аясында атқарылуы тиіс жұмыстар барысын баян етті. Көлік саласына жаңа технология тарту, транспорттық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бастамалар жайлы айтты.
Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыру бұл салаға салмақты жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Мысалы, еліміз арқылы өткен жүк транзитінен түсетін табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.
Жүк қозғалысын онлайн режимінде бақылауға мүмкіндік беретін, блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуі де үлкен жаңалық.
Жиында теміржолшылар да Елбасы Жолдауына қатысты ойын білдіріп, сала алдында тұрған үлкен мақсаттың орындалуына үлес қосатындықтарын жеткізді.