« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Аймақта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мақсатында бірқатар бастамалар іске асырылуда. Бұл бағытта Жаңақорған ауданында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Жуырда ауданда агросаламен айналысам деушілерге «Агроэкспресс» оқу семинары ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Ғалым Әміреев, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Досжанов және «Мансап-Қызылорда» ЖШС бизнес-тренері Наталья Мишукова қатысты. Жиын барысында ауданның туристік және агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, кәсіпкерлерді оқыту және қаржылай қолдау, шағын және орта бизнес субъектілері үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту мәселелері сөз болды.
– Аудан кәсіпкерлікті дамыту бойынша көш бастап тұр. Өткен жылы бізде «Агроиндустриалдық аймақ» құрылып, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды. Қазір 3338 шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп отыр. Оның 1160-ы – шаруа қожалықтары, 1939-ы – жеке кәсіпкерлер. Белсенді субъектілер саны – 3171. Бұл – аймақтағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, тарихи ескерткіштерге қызығушылық танытушыларға туристік кластерді дамыту үшін үлкен мүмкіндік бар. Биыл Манап, Қандөз, Төменарық, Ақүйік және Қаратөбе секілді бес ауылдық округте инфрақұрылым мәселелерін шешуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді, – деді Ғ.Махмұтбайұлы.
Ал, шағын және орта бизнестің қыр-сыры жайлы Наталья Мишукова тарқатып айтты. Оның пайымдауынша, бизнес бастауда тәуекел керек. Себебі, кәсіпкердің құндылығы – бір тиыннан екі тиын жасау. Дұрыс жоспарланған бизнес алға жетелеп, қаржылай қамтамасыз ете алады. Жалпы, кәсіпкер жауапкершілігі мол азамат болуы тиіс, яғни іскерлік біліктілігі жоқ адам ақшаны бір сәтте жойып жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, жеке кәсіп бастауды жоспарлап жүргендерге «Bastau- Бизнес» мектебін оқып шығу тиімді. Өйткені, бизнес білім ешқашан маңызын жоймайды.
– Кәсіппен айналысу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Оның үстіне, адамның жаратылысы кәсіпкерлікке бейім болуы керек. Сондықтан, оқыту жұмыстарының алдында қатысушылардың кәсіпкерлікке икемділігі анықталады. Психология осындайда көмекке келеді. Іскерлік қабілетті анықтау үшін шетелдік мамандар ұсынған тестілеу пайдаланылады. Сол арқылы адамның қай салаға бейім екенін анықтаймыз. «Агроэкспресс» оқу семинары аясында өңірдегі кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар тәжірибе алмасып, нарықтық қатынастарға сай бизнесті дамытудың жолдарын үйренуге мүмкіндік алады. Бұл – бау-бақша дақылдарын егуге ниет білдірген кез келген кәсіпкер үшін тиімді жоба. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттырып, өңірдің импортқа тәуелділігін қысқартуға, жаңа жұмыс көзін ашуға септеседі. Алдағы уақытта 200 кәсіпкерді оқыту жоспарланып отыр. Олар жоғарыда айтылған тестілеуден өтеді, содан соң бизнес психология негіздері, маркетинг теориясы мен практикасы бойынша оқиды, – деді Н.Мишукова.
Басқосуда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Досжанов та қатысушыларды ұсынылған мүмкіндіктерді қалт жібермеуге шақырды. Аймақта 2018 жыл – жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы ретінде бекітілгенін айтып, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларының игілігін көруге болатынын жеткізді. Бастауыш кәсіпкерлерге көрсетілетін көмектің тиімді тұстарымен таныстырды. Сонымен қатар статистикаға тоқталып, өңірдегі белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 37 450 бірлікке артқанын алға тартты.
Жиын соңында қатысушылар агроиндустриалдық аймақ жұмысымен және «Жаңақорған» шипажайымен танысып, тарихи орындарға саяхаттады. Төлек ата, Қылышты ата және Қорасан ата кесенелерін аралап, зиярат жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңірде Қазақстанның киелі орындар географиясына енгізілген Ақтас мешіті мен көршілес Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне саяхат ұйымдастыру кешені қызмет көрсетпек.
Ауданда кәсіпкерлікке серпін берілгенін осыдан байқауға болады. Идеяны іске айналдырамын дегендерге мүмкіндік көп. Оны қажетке жарату – өз қолыңызда!
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
Жаңақорған ауданы.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |