ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР ХАЛЫҚ СЕНІМІНЕ ЖҰМЫС ЖАСАУЫ ТИІС

Кеше облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы болып өтті. Оған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.
Комиссия отырында екі мәселе қаралды.Алғашқы мәселе, яғни қоғамдық тәртіпті және тұрақтылықты қамтамасыз етуде құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өзара әрекеті туралы облыстық ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы Сағат Мәдиев баяндама жасады. 
Хабарламашының айтуы бойынша, Елбасымыздың құқық қорғау орындарына қойып отырған талаптары – ел азаматтарының конституциялық құқықтарын сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, олар бойынша уақытылы және заңды шешім қабылдау мәселелерін жолға қою мақсатында өткен 2013 жылы аталған департамент бірқатар жүйелі жұмыстар атқарыпты. 
Мәселен, 2013 жылы аймағымызда 11300 қылмыс тіркеліп, өткен жылы қылмыс жасау алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға өскен екен. Десек те қылмыстың өсу тенденциясы бойынша Сыр өңірі еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда ең төменгі орыннан көрінген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика көлемінде жылына әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда орта есеппен 204 қылмыс тіркелетін болса, бізде бұл көрсеткіш 158-ден аспаған. 
Айта кетейік, қылмысты бағалаудың негізгі критерийлерінің бірі болып табылатын ауыр және аса ауыр қылмыстар былтырғы жылы облыста 14,9 пайызға төмендеген. С.Мәдиев бұл санаттағы қылмыстарды ашу өткен жылы 12,3 пайызға жоғарылағанын жеткізді. Жасалған қылмыстарды ашуда көшедегі бейнебақылау камераларынң рөлі зор көрінеді. Мысалы, былтыр облыс орталығындағы көшелер мен көпқабатты үйлердің аулаларына барлығы 116 бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл өз кезегінде қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған қылмыстың өсу тенденциясының тежелуіне әсерін тигізгенін атап өткен хабарламашы нақты цифрларға жүгінді. Оның айтуынша, осы бейнебақылаудың көмегімен 77 қылмыс ізі суымай ашылған. Бұған қоса, аталған қондырғылар 16 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың дер кезінде анықталуына септігін тигізген. Ал, сорақы әрекеттерге барған тұрғындарға салынған 52 млн. 803 мың теңге көлеміндегі айыппұлдың 41 миллион теңгеден астамы өндіріліпті. 
– Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар айында қаламызда  тағы 100 бейнебақылау камерасы мен 2 дана «интелектуальды қиылыс» орнатылды. Қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде үстіміздегі жылдың екі айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 19 пайызға, ал, көшелердегі жөнсіздік 36,2 пайызға азайды, – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы С.Мәдиев.
Сонымен қатар, былтыр өткен жылдары жасалған 160 қылмыс ашылған. Оның ішінде 20 ауыр және аса ауыр, 2 қасақана кісі өлтіру және 9 тонау қылмысары бар. Бұған қоса ұйымдасқан қылмыстың топтың бір жетекшісі мен оған қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ есірткіге қатысты қылмысты анықтау 39 пайызға артып, заңыз айналымда жүрген 326 келі есірткі заттары, оның ішінде 10 келіден астам есіріткінің ауыр түрі-героин тәркіленеді.
Мұнан соң осы тақырыпты облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов толықтырып өтті. 
Жиында көтерілген екінші мәселе бойынша, яки «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламаны іске асыру туралы»  облыстық ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы Сағат Мәдиев хабарлама жасады.
Жиынды қорытқан облыс әкімі Қ.Көшербаев алдымен ішкі істер департаментінің материалдық-техниалық базасын жақсартуға қазынадан жыл сайын қомақты қаражат бөлініп отырғанына тоқталды. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізген аймақ басшысы саланың жұмысын сын тезіне алды. Оның жақсартуға қатысты ұсыныстарын білдірген өңір жетекшісі тәртіп сақшыларының ел мүддесі жолында аянбай жұмыс жасауы керетігін тапсырды. 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
АҚПАРАТ 06 наурыз 2014 г. 931 0