« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Қызылорда облысында негізгі егілетін дақыл – күріш дақылы. Күріш дәнін сепкеннен жинап алғанға дейін ол 20-30 см су астында жатады. Бұл жер асты суының көтерілуіне әсер етіп, нәтижесінде топырақтың екінші рет тұздануына әкеліп отыр.
Қызылорда облысының топырағының басым бөлігі орташа, қатты және қайта тұзданған. Тұзға және құрғақшылыққа төзімділігімен, жақын жатқан жер асты суларын өзінің өсуі мен дамуына қолдана алатын қасиетімен ерекшеленетін өсімдік түрлері өте аз. Осындай ерекшеліктерге ие өсімдіктердің бірі – түйежоңышқа.
Көптеген шаруашылықтық және емдік қасиеттері бар бұл дақылға, өкінішке орай, ел арасында оң көзқарас қалыптаспаған. Оның бірден-бір себебі – ащылығы, яғни құрамында алкалойдтың (кумариннің) болуы.
Дәнді дақылдар секілді түйежоңышқа дақылының да сорттары көп.
«Микробиология және вирусология» институтының Қызылода қаласындағы «Қолданбалы микробиология» филиалында «Арал өңіріндегі тұзданған топырақтың құнарлығын арттыру және биотехнологиялық әдіс қолдану арқылы қалпына келтіру» (бағдарлама жетекшісі, академик А.Қ.Саданов) бағдарламасы жүргізілді. Осы бағдарлама аясында филиал директоры Е.Ж.Шорабаевтың жетекшілігімен «Арал өңірінің тұзданған топырағына түйежоңышқа сорттарының бейімділігін және олардың өнімділігін, мал азықтық құндылығын, фитомелиоративті тиімділігін зерттеу» (ғылыми жетекші, а/ш.ғ.д. Ә.М.Тоқтамысов) магистрлік диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Бағдарлама аясында облысымыздың егін және мал шаруашылығында топырақты құнарландыруда атқаратын қызметімен, тұздылықпен күресуде ерекше қасиетімен, мал азықтық құндылығының жоғарылығымен және ең бастысы, кумаринінің өте төмендігімен ерекшеленетін, топырақтың үстіңгң қабатына жақын жатқан қатты минералданған жер асты суларын өзінің өсуі мен дамуына қолдана алатын түйежоңышқаның тісті «Сарайшық» және ақ «Аркас» сорттарын (сорт авторлары: а/ш.ғ.д. Б.Мұхамбетов, академик Ғ.Мейрман) ұсынылды.
Бұл сорттар топырақтың құрамындағы тұздарды тамырлары арқылы өз бойына сіңіріп, топырақта тұздың мөлшерін едәуір азайтады, нәтижесінде топырақта тіршілік ететін пайдалы микроағзалардың көбеюіне мүмкіндік жасай отырып, оның биологиялық белсенділігін арттырады және бұршақ тұқымдастар топыраққа тамырларында түзілетін түйнек бактериялары арқылы биологиялық таза азотты сіңіреді.
Сорттарға жеке-жеке тоқталар болсақ: ақ түйежоңышқаның «Аркас» сорты ерте пісетін, құрғақшылықта жоғары өнімділігімен, ауруға төзімділігімен, сабақтарында бұтақтарының көп болуымен ерекшеленеді. Биіктігі бірінші жылы 180-210 см болса, екінші жылы 300-330 см болады. Кумарин мөлшері бірінші жылы 0,3-0,4%, екінші жылы 0,9-1,1%.
Түйежоңышқаның тісті «Сарайшық» сорты кеш пісетіндігімен ерекшеленеді. Түйежоңышқаның бірінші орымға дейін биіктігі 80 см дейін барады, ең жоғарғы биіктігі 150-200 см дейін. Кумарин мөлшері – 0,05%.
Өңірімізде күріш егумен айналысатын шаруашылықтар үшін маңыздысы алғы дақыл ретінде күріш ауыспалы егістігінде уақыт үнемдеу. Күріш ауыспалы егістігінің айналымында жоңышқа дақылы үш жыл егіледі, ал түйежоңышқа дақылы екі жыл егіледі, яғни шаруашылықтың бір жылды үнемдеп күріш егу арқылы бір жылдық артық пайдасын көру мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда «Қорқыт Ата» атындағы Қызылода мемлекеттік университетінде а/ш.ғ.д. И.А.Таутеновтың жетекшілігімен «Арал өңірінің күріш ауыспалы егістігі жағдайында отандық биотыңайтқыштарды қолдану арқылы түйежоңышқа сорттарының өсіру технологиясын жетілдіру» тақырыбындағы докторлық диссертация бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Басты мақсат отандық биологиялық тыңайтқыштар арқылы тұқым мөлшерін азайта отырып сорттардың шығымдылығы мен өнімділігін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен, күріш ауыспалы егістігіндегі жоғары сапалы малазықтық дақыл болып табылатын бұршақ тұқымдас өсімдік – түйежоңышқа үлесін барынша арттыған абзал.
Жанар ЖҰМӘДІЛОВА,
«Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда ммлекеттік университетінің
«Агрономия» мамандығы бойынша 2 курс докторанты
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |