Арал өңірінің қолайсыз жағдайына бейімделген жаздық арпа cелекциясы нәтижелері

Облысымызда егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасының аясында су тапшылығын болдырмай үшін және тұзға шыдамды дәстүрлі емес дәнді дақылдар егісінің көлемін көбейту аймақтың ауыл шаруашылығы өндірісін арттырудың негізгі көзі болып саналады. Яғни,  арпа дақылы тұзға шыдамды болғандықтан бидайға қарағанда суды аз пайдаланады. Осы тұрғыда арпа дақылы бірден бір қолайлы дақыл қатарына жатады. Сондай-ақ арпа азық-түлік және мал азығы ретінде де аса құнды дақыл. Соңғы жылдары аймағымыза мал шаруашылығының қарқынды дамуы, жем-шөп базасының нығайуына байланысты дақылға деген сұраныс қарқынды өсуде. Осыған байланысты, жоғары өнімді және сапалы жем-шөп бағытындағы сорттарды шығарудың маңызы орасан зор. Ал экологиялық қолайсыз аймақ үшін жергілікті селекция сортын өсіру бірден бір қолайлы шара екені белгілі.      

Осы мақсатта  «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу» институтының «Мал азықтық дақылдарының селекциясы және тұқым шаруашылығы» бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, доцент Тохетова Лаура Ануарқызының жетекшілігімен кең көлемде селекциялық жұмыстар жүргізуілуде. Мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне докторант болып қабылданып, ғылыми жетекшім «Аграрлық технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Таутенов Ибадулла Айғалиұлының кеңесімен арпа селекциясымен айналысуды жөн көріп, белгілі ғалым Лаура Ануарқызын кеңесшілікке алып, сол кісінің тобында жұмысқа кірістім. Бірлесе атқарған ғылыми жұмыстарымыз нәтижелі болып, жаздық арпаның келешегі бар  (перспективалық) бірнеше сорты шығарылды.

 Шахристан сорты Harrington x MT960225 (StarkxBaronesse)  гибридтті популяцияның таңдаулы келесі бағыттағы және  гибридизация әдісі арқылы шығарылған. Авторлары: Тохетова Л.А., Туруспеков Е.К., Блейк Т., Абугалиева С.И., Шермагамбетов К., Абугалиева А.И., Умирзаков С.И., Бодык Н.Б.

Вегетациялық кезеңі 76-82 күн, өсімдік биіктігі 75-80см, масақтағы дән саны 22-24 дана, 1000 дәннің масса 40,0-41,6 г, дән натурасы 635,0г/л, дән шығымдылығы 72,4%, Ақуыз құрамы  14,0-14,5%, Аминқышқылдарының алмастырылмайтын қосындысы 34,4 г/100 г, лизин - 3,9; метионин - 1,9; триптофан - 1,2; валин - 5,7; лейцин - 7,9; изолейцин - 4,1; фенилаланин - 5,9; өнім әлеуеті 34-38ц/га. Сорт орташа пісетін топқа жатады. Бұл сорт құрғақ ауа райына, көктемгі ерте үсікке және түптену кезеңіндегі жоғары темпертураға және тұзға өте төзімді. Шахристан сортының үш жылдық конкурстық сортсынақтағы орташа дән өнімділігі 19,8 ц/га, ал стандарт  Асем сортының өнімділігі 15,3 ц/га.  2016 жылы Қызылорда облысына аудандастырылған, Қазақстанның басқа қолайсыз аймақтарында өсіру үшін ұсынылады.

Алтын арай сорты- Aths|Lignee 686 (5-22) х Асем гибридтті популяцияның жеке талдау әдісі арқылы  шығарылған. Авторлары: Тохетова Л.А., Шермагамбетов К., Умирзаков С.И., Токтамысов А.М., Бодык Н.Б., Демесинова А.А., Бекова М.К.

 Вегетациялық кезеңі 75-79 күн, өсімдік биіктігі 89-95см, масақтағы дән саны 46-52дана, 1000 тұқымның масса 38,5-41,2 г, дән натурасы 640,0 г/л, дән шығымдылығы 75,0%, ақуыз құрамы 15,8-16,2%, өнім әлеуеті 40-42ц/га. Құрғақ ауа райына және көктемгі ерте үсікке, тұзға өте төзімді сорт болып табылады.  Қатты масақтылыққа және шаңды тозаң мен ылғалды жылдары фузариозды тамыр шірігіне төзімділігі кем дегенде 1 балл көрсетеді.

Алтын арай сортының 3 жылдық конкурстық сортсынақтағы орташа дән өнімділігі  23,5 ц/га, ал стандарт  Сыр Аруы сортының өнімділігі 23,5 ц/га, дән құрамындағы ақуыздың әр жылдарғы тұрақты көрсеткіштері 15,8-16,2%, бұл стандарттан 3,5% жоғары. Стресстік факторларға төзімділігі жоғары және тез пісетін Алтын арай сорты Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында өсіруге ұсынылады.

Елбасы,тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына  кезекті Жолдауының үшінші міндетінде айтылғандай, аграрлық мамандықтар бойынша білім мен ғылымды әлемдік деңгейде дамыту қажет. Осыған байланысты, «Арал өңірінің тұзды топырақ жағдайында арпа сорттары мен будандарын селекциялық бағалау» тақырыбындағы докторлық диссертация жұмысымды жалғастырып, жаздық арпаның келешегі бар азық түліктік және мал азықтық бағыттындағы сорттарының  өнімділігі мен өнім сапасын  арттыру арқылы, әлемде жоғары сұранысқа ие ет экспортына үлес қоссам деймін.

 

Айнұр ДЕМЕСІНОВА,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік 

университетінің «Агрономия» мамандығының 

3 курс докторанты  

АҚПАРАТ 09 ақпан 2018 г. 920 0