ТӨМЕН БАҒАМЕН ЖӘРМЕҢКЕ ӨТУДЕ

ТӨМЕН БАҒАМЕН ЖӘРМЕҢКЕ ӨТУДЕӨткен сенбіде қала әкімдігі мен «Байқоңыр» ӘКК-ның ұйымдастыруымен И.Тоқтыбаев көшесінде жәрмеңке болып өтті. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге қала кәсіпкерлері мен ауылдық округтер қатысып, қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды.
Көктем келсе де, күннің ызғары қайтпаған бұл күні қалтаға ауыр тимейтін, қолайлы бағада өнім алуға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Базар бағасынан 15 пайызға дейін төмен сатылған өнімдер ішінде ең алдымен картоп, ет, жуа, сәбіз секілді көкөністерге сұраныс көп болды. Себебі, сиыр етінің келісі 1000 теңге, картоп 90, сәбіз бен жуа 80 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, жәрмеңке сатылымында жұмыртқа 17, қанттың келісі 120, қырыққабат 65, өсімдік майының литрі 250 теңгені құрады. 
«Басты мақсат – халықты төмен бағадағы өніммен қамтамасыз ету. 1-2 наурызда өткізіліп отырған жәрмеңкеге 14 млн.-нан аса қаржының азық-түлігі әкелінді. Бүгінгі шараға ауылдық округтерден бөлек кәсіпкерлер де тартылды. «Мирас» сауда үйі, «Қазына» ЖШС өздерінің азық-түліктерін халыққа ұсынып, қолайлы бағада беруде. Бұл шара әлі де жалғасын табатын болады», – деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ғалымжан Сопбеков. 
Жалпы   21 ақпаннан бастау алған бұл шара 1 сәуір аралығына дейін өткізу жоспарланған.  Қалтаңызға қонымды, көңіліңізге жағымды бағада өнім аламын десеңіз, сенбі-жексенбі күндері аталмыш жәрмеңкеге баруыңызға болады. 
М.ОТАРАЛЫ.

АҚПАРАТ 04 наурыз 2014 г. 1 025 0