ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ

ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІБілім беру мекемелерінде оқу-тәрбие үдерісінің деңгейін жетілдіру, шығармашылықпен жұмыс істейтін жастар мен мұғалімдердің үздік ғылыми-техникалық жаңалықтарын айқындау және тарату, өндірістегі және білім беру жүйесіндегі инновациялық идеяларды қолдап, дамуына даңғыл жол салу күн тәртібінде тұр.
Осы мақсаттарға орай Қармақшы ауданындағы «Қорқыт елі – Қармақшы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңа технология – жаңа қарым-қатынастар үлгісіне бәріміз бірге» тақырыбында аудан жастары арасында инновациялық жобалар мен идеялар жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкені «Қорқыт елі – Қармақшы» ЖҚБ-нің қызметкері Ербол Құлмырзаев жүргізіп отырды. Алғашқы сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Тәжігүл Әбенова аудандағы ондаған мектеп оқушылары республикалық жалпы пәндер бойынша ғылыми жобаларға, «Жас ғалымдар альянсы» атты байқауларға қатысып жүргендері жайлы кеңірек баян етіп, қазіргі таңда 20 оқушы республикалық ғылыми жобаларға қатыстырылуға ұсыныс жасалғанын тілге тиек етті. Егер саралап айтар болсақ, №26 орта мектептің 11-сынып оқушысы Назерке Болатбекова «Арал өңірі жағдайында қантты құмайды ендіру технологиясы» тақырыбында өзекті мәселелер қозғаса, осы мектептің оқушысы Н.Алпысбаев жұмысы «Ел игілігіне қызмет еткен Жосалы механикалық зауыты тарихы» болған. Ал, № 106 мектептің оқушысы Фариза Ғалымбекова «Физика ғылымын ұлттық педагогикамен байланыстыру тиімділігі тақырыбында» ой қозғаса, №107 мектептің шәкірті Сағадат Ералиев «Табиғи шикізаттармен кәде-сыйлықтар жасау» тақырыбында баян етіп, өз қолынан жасалған ұлттық бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. 
Аудан аумағындағы жастар арасында тұңғыш рет өткізіліп отырған инновациялық жобалар мен идеялар жәрмеңкесінде №199 мектептің 10-сынып оқушысы Ақгүл Жақсылықова «Жыр дүлейі – Дүр Оңғар», №111 мектептің 8-сынып оқушысы Зулфыхар Ұлықов «Пирамиданың біз білмейтін сырлары» атты тақырыбындағы зерттеулері жоғары бағаланып, қосымшалар енгізуге қатысты ұсыныстар айтылды.
Жәрмеңке соңында әділқазылар алқасы тарапынан оқушылардың ғылыми жобаларына бағалар беріліп, жетістіктері мен кемшіліктері ескертілді. Сонымен І орынды Назерке Болатбекова еншілесе, ІІ орындар Азиз Ізмаханов, Нұрболат Алпысбаев, ІІІ орындарды Фариза Ғалымбекова, Сағадат Ералиев, Есімбек Айсұлуларға бұйырды. Ал, қалған қатысушылар арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Қармақшы ауданы,
Жосалы кенті. 


АҚПАРАТ 08 қазан 2013 г. 1 625 0