Кеше «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты облыстық коммуникациялар орталығында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов наурыз айындағы мерекелер аясында өткізілетін шаралар жөнінде бұқаралық ақпарат құрлалдары өкілдеріне баяндап берді.
Жердің тоңы жібіп, қоршаған орта жасанатын жыл мезгілінің алғашқы айында дүйім ел дүбірлетіп тойлайтын мерекелер аз емес. Олардың арасында Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мерекесінің шоқтығы биік. Осындай мейрамдар қарсаңында облыс орталығында көптеген іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланып отыр. Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күйді сыйлау мақсатында көшелер мен ауылдық жерлерде ұлттық нақыштағы билбордтар, пилондар, көрмелер және баннерлер ілінеді. Одан өзге молшылық пен қазақтың дархан пейілін паш ететін композициялар қала көшелерінде көрініс табады. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында өзіндік орнын еншілейтін Жібек жолы ұғымын қайта жаңғырту мақсатында облыс орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойына керуендер композициясы және орталық көшелерде «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы символикасының гүлден жасалған бейнесі орналастырылады.
Сондай-ақ, мерекелер қарсаңында дүниеге келген сәбилердің аналарын құттықтауға мән беріледі. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық филармония ұжымы қалада түрлі салада қызмет ететін қыз-келіншектерге арнап, мерекелік концерт ұйымдастырылады. Облыс орталығында орын тепкен М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде коммуналдық саладағы қыз-келіншектердің құрметіне «Арулар – асыл жандар» атты мерекелік концерт өткізіледі. Сонымен қатар, базарда сауда жасайтын 50-ден асқан аналарымызға қала әкімінің құттықтау хаты беріліп, гүл табысталады. Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткізіледі.
Наурыз мерекесі қарсаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болып, қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізіледі. Ұлттық мейрам құрметіне облыс орталығының барлық бөлігінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Наурыздың 21-і күні Орталық алаңда негізгі шаралар болады. Жалпы, мереке барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттауға арналған өнер фестивалі, мектеп оқушыларының жыр мүшәйрасы, күйшілер фестивалі секілді қызықты шараларға мән берілмек.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.