
Соңғы күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының ауысуына байланысты Ұлттық Банктің валюта нарығындағы саясатының өзгеруінің ықтималдығы туралы түрлі ақпарат пайда болды. Осыған байланысты Ұлттық Банк төмендегіні мәлімдейді.
2013 жылғы 1 қазанда Қайрат Нематұлы Келімбетовті Ұлттық Банк Төрағасы етіп тағайындаған кезде Мемлекет басшысы Ұлттық Банк саясатының өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Тиісінше, Ұлттық Банк жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының сақталатыны және ағымдағы сәтте оны өзгерту үшін объективті алғышарттардың жоқтығы туралы ресми түрде мәлімдейді.
Ұлттық Банк ұлттық валютаның айырбастау бағамына қатысты бұрынғы саясатын жүргізе береді. Валюта нарығындағы интервенциялар нарықтық алғышарттар арқылы жалпы үрдісті қалыптастыруға ықпал етпестен, теңгенің айырбастау бағамының күрт ауытқуын реттеу мақсатында жүргізілетін болады.
Ұлттық валютаның айырбастау бағамының ұзақ мерзімді үрдісін айқындайтын іргелі факторлар айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Соңғы күндері валюта нарығында байқалып отырған ахуал Ұлттық Банк басшылығының ауысуы аясында болған айырбастау бағамының техникалық түзетуі болып табылды және ол қысқа сипаттағы жағдай еді.
Қазіргі уақытта валюта нарығындағы ахуал тұрақты күйде қалуда және Ұлттық Банк өз тарапынан үнемі мониторинг жүргізіп отырады.