ЖАҢАЛЫҚТАР

«ҚАМҚОРЛЫҚ» АКЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында тұрмысы төмен отбасылары мен асыраушысы, қамқоршысынан айырылған балаларға әлеуметтік қолдау мақсатында «Қамқорлық» акциясы өткізілуде. Осындай акциясы «Жақсылық жасауға асығайық» тақырыбымен Жалағаш ауданы «Таң» ауылындағы №118 орта мектебінде өткізілді. Акция мақсаты ауыр науқасқа шалдыққан осы мектептің 11-сынып оқушысы Б.Әріпханиқызына қамқорлық қолын созу болатын.
 «Жақсылық жасауға асығайық» атты қайырымдылық шараға қатысқан №118 орта мектеп ұжымы, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің төрағалары И.Шағыртаев, Ж.Өмірбаев, Қ.Құдабаев, Қ.Шыныбеков, К.Есжанов, Д.Шағыртаевтар мен жеке кәсіпкерлер Д.Ахметов, Н.Жанарбаев, Н.Ізбаев, Н.Әбдиевтер сынды жомарт жандар науқас баланың айығып кетуіне шынайы тілектестіктерін білдіріп, қаржылай көмектерін берді.
Акция соңында сөз алған науқас баланың әкесі Ә.Шөменов қайырымдылық қолын созушыларға жүрекжарды лебізін жеткізді.
Осындай игілікті шара «Қайырымдылық – жылы жүректен» атты тақырыппен Қармақшы ауданында да өткізілді. Акцияда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Раева, жеке кәсіпкер Р.Балғабаева, №27 орта мектеп ұжымы, тағы басқалар Жосалы кенті бойынша аз қамтамасыз етілген 3 отбасының балаларына қыстық киім-кешектер мен қаржылай қолдаулар табыстады.
Акция соңында жан шуағына бөленген сәбилер қамқорлық қолдарын созған аға буын өкілдеріне алғаусыз алғыстарын айтып, ән мен биден шашу шашты.
 «Ы.АЛТЫНСАРИН-2014» ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫ
Ақпан айында Қармақшы ауданындағы №30 орта мектепте осы және Жалағаш аудандарындағы мектептердің 11-сынып оқушы қыздар арасында «Ы.Алтынсарин-2014» дәстүрлі пәндік олимпиадасы болып өтті. Өткен жылы осы олимпиада негізінде екі оқушы Н.Нағашыбаева мен Ф.Құдабаева 100 пайыздық грант иегерлері атанған болатын.
Олимпиадаға Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Жұмақаева арнайы ат басын бұрып, олимпиадаға қатысушыларға университеттің материалдық-техникалық базасымен жан-жақты таныстырды. Үш жыл қатарынан өткізіліп отырған олимпиада еліміздің барлық аймағында, соның ішінде Қызылорда облысының төрт ауданында өткізілетіндігінен хабардар етті.
– Осы пәндік олимпиададан 1-3 орын алған оқушылар, – дейді Б.Жұмақаева, – ҰБТ кезінде бары-жоғы 50 балл жинаған жағдайда біздің университетті таңдаса, грант иегері атанады. Сондай-ақ, бұл университетте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары аз қамтылған отбасы балаларына барынша жеңілдіктер қарастырылған.
Олимпиадаға қатысушы оқушылардың балдық қорытындылары жақын арада жария етілмек.
ЖАСТАР ҚАДАМЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА
Жақында Қармақшы ауданындағы Көшеней атындағы жыраулар үйінде «Жарқын болашаққа қадамыңды бізбен баста» атты жастар арасында өнер сайысы болып өтті. «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалы, «Жастарды қолдау орталығы» аудандық бөлімі және «Қорқыт елі – Қармақшы» жастар қоғамдық бірлестігі қолдауымен өткен байрақты бәсекеге бес ауылдың жастары қатысып, өзара бақ сынасты. 
Ақтық сайыста Дүр Оңғар ауылының «Жеті қазына» командасы бас бәйгені қанжығаларына байлады.
Жарқын болашаққа бағыт сілтер осындай игілікті шара Тұрмағанбет ауылында да жалғасын тапқан. Мұндағы сайыста өз өнерлерімен көпшілікті тәнті еткен Тұрмағанбет ауылының «Тұрмағанбет тарландары» командасы мен ІІІ Интернационал ауылының «Достық» командасы  аудандық деңгейде өтетін ақтық сайысқа жолдама алды. Шараға қатысқан 250-ге жуық белсенді жастардың тұлпардай жүйрік шабысын, қырандай қанат қағыстарын көрген көпшілік жастар келешегіне зор сенім артып, көтеріңкі көңіл-күйде тарасты.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария, Жалағаш, Қармақшы.

АҚПАРАТ 04 наурыз 2014 г. 977 0