ИНТЕРНАЦИОНАЛИСТ-ЖАУЫНГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ИНТЕРНАЦИОНАЛИСТ-ЖАУЫНГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІҚызылорда облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасында Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толуына орай, Ауған соғысының ардагерлері мен ұжым қызметкерлерінің кездесу іс-шарасы өткізілді.
Кездесуді басқарма бастығының орынбасары, полиция майоры Әбубәкіров Серік Елеусізұлы ашып, Ауған соғысының өткен жолдары, тарихына тоқталып өтті. Кездесу барысында сол соғыста 22 мың қазақстандық қатысып, олардың 761-і қайтыс болған, ал 21 адам хабарсыз кеткен туралы деректер келтірілді. Майдан даласында мәңгілікке қалған боздақтарымызды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланып, тағзым етілді.
15 ақпан Ауған соғысы ардагерлері үшін естен кетпес ерекше күн болып есептеледі. Дәл осы күні Кеңес әскерінің Ауған жерінен қайтару туралы үкімі шыққан еді. Он жылға таяу уақытқа созылған қанды қырғын осы күні тоқтаған болатын. Содан бері міне, 25 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде интернационалист-жауынгерлер 15 ақпан күні бас қосып, майдан даласында мәңгілік көз жұмған жауынгер достарын еске алып, сол бір ұмытылмас шақтарды саналарында бір жаңғыртады. 
Өздерінің әскери борышын Ауған жерінде абыроймен атқарып, елге оралғаннан кейін, бейбіт өмірде ішкі істер саласында, оның ішінде күзет қызметінде көп жылдар еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан интернационалист-жауынгерлер Марат Мұратбаев, Батырхан Жорықбаев және Айтмұрат Әбдіразақовқа бағалы сыйлықтар табыс етіліп, басқарма бастығы бұйрығымен алғыс хатпен марапатталды.
Кездесу кезінде Қызылорда облысы ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы  М.Пейісов және осы ұжымның ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Рысқұлов Ауған соғысы ардагерлерінің жанұясына бақыт, ұзақ ғұмыр тіледі. 
Кездесу соңында интернационалист-жауынгер Марат Мұратбаев сөз алып, өздеріне көрсетілген сый-құрметтеріне басшылыққа алғыс айтып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Іс-шара барысында жеке құрамға Ауған соғысы жайлы бейнефильм көрсетілді.
Ауған соғысының ардагерлерімен өткізілген кездесулер, көрсетілген сый-құрметтің мағынасы да, төркіні де  тереңде жатыр. Осындай өткізілген іс-шаралар жас ұрпақты патриотизмге, еңбексүйгіштікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу болып табылады. 
Төребек РЫСҚҰЛОВ,
облыстың мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ардагерлер кеңесі төрағасы. 

АҚПАРАТ 01 наурыз 2014 г. 1 148 0