Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясында ауыл және мал шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге арналып «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Оған облыстық аумақтық инспекция басшысы Б.Нұртазаев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Т.Дүйсебаев және сала мамандары мен ірі шаруа қожалық иелері қатысты.
«Дөңгелек үстелде» "Сыбаға” бағдарламасының негізгі талаптарының орындалуы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі инспектор Д.Әбдірасулов баяндама жасап, бағдарлама аясында бөлінген қаржының жай-күйіне тоқтала кетті. Сондай-ақ, республика бойынша қаржы көлемінің қысқарғанын тілге тиек етті.
Аймақта карантиндік объектілердің таралу ошақтарын анықтап, оны жою мақсатында атқарылатын іс-шаралар туралы өсімдіктер карантині жөніндегі инспекция бөлімінің басшысы Ж.Дүзелбаева айтып өтті. Онда "көмей құрт” аурына шалдыққан жылқылардың жайылым өрістерін дәрілеу, ауру қоздырғышы бар басқа да жайылымдық жерлерді залалсыздандыру бағытында атқарылар жұмыстары талқыланды.
Сонымен қатар, өсімдіктерді зиянды организмдерден қорғау жөнінде, яғни бау-бақша жерлерін сарышырмауықтар мен басқа да зиянкестерден қорғау жөнінде өсімдіктерді қорғау жөніндегі меминспектор М.Аппақов баяндама жасады.
Жыл сайын жиналатын мол астықтың сандық-сапалық есебін жүргізу де шаруа баққан адамға кезігер қиыншылықтың бірі. Астық қолхаттарының берілуі, астық айналымы және өтелу тәртібі турасында астық инспекторы А.Сейітмұратова диқандарға түсіндіріп өтті.
Ауылшаруашылық құрылым басшылары үшін өткен пайдалы кеңесте, шаруа қожалық иелері өз тәжірибелерін ортаға салып сан салалы сұрақтарға жауап алды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.