Өткен жыл қармақшылықтар үшін табысты да жемісті жыл болды. Елбасының ел-халыққа деген ықыласын мұрат тұтқан аудан тұрғындары шаруашылықтың қайсыбір саласында болмасын жетістіктерге жетіп, тұрмыс-тіршіліктерін де түзеді. Аудан аумағында ондаған әлеуметтік ғимараттар бой көтеріп, тұрғындар игілігіне ұсынылған. Атап айтар болсақ, Ардагерлер аллеясы мен Ауған соғысына қатысушылар құрметіне жастар саябағы мен 4 шағын спорт алаңы, аудандық орталық стадион пайдалануға берілген. Кент пен ауылдардағы көптеген көшелерге асфальт төселіп, Жосалы кенті түнгі шырақтардың жарығына малынған. Сондай-ақ, биылғы жылдың қаңтар айында заманауи үлгідегі сот ғимараты, ауысымына 250 адамды қабылдайтын емхана мен Сырдария өзені жағасындағы этнопарк демалыс орны пайдалануға берілген.
Айта кету керек, бүгінде «Байқоңыр» ғарыш кешені адам танымастай өзгерістерге енген. «ЭКСПО-2017» халықаралық форумның өтуіне байланысты Байқоңыр, Төретам, Ақай елді мекендерін абаттандыру жұмыстарына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде екен.
Аудан әкімі Н.Шамұратов әңгіме үстінде үстіміздегі жылы атқарылар игілікті істі тілге тиек етіп, бірлік бар жерде тірлік барын, яғни, Елбасымыздың Жолдауында айтылған айшықты міндеттерді орындауға аудан тұрғындары біркісідей бірлікпен қатысатынын мәлім етті.
– Аудан халқы, – дейді ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Т.Дямуршаев, – өткен жылы аудан аумағында атқарылған жұмыстарға дән риза. Өткен жылы ауылымызда Еңбек Ері Цай Ден Хақтың 100 жылдық торқалы тойы республикалық деңгейде өтті. Он бір ұлттың басын қосып, береке мен бірліктің өнегесін көрсетіп отырған ауыл тұрғындары Елбасымыздың сарабдал саясатына дән риза.
Бізбен әңгіме үстінде «Ақжар» ауылындағы «Агроинвест» ЖШС төрағасы С.Асқаров ауылдағы ауыл шаруашылығы саласының соңғы жылдары жағдайы төмендеп кеткенін тілге тиек етіп, осыған байланысты «Даму» қаржылай қолдау қорынан 10 млн. теңге несие алып, шаруашылықты жолға қоя бастағанын айтты. Бүгінде ауылдағы барлық үйге ауыз су желісі тартылған. Биылғы жылы ауыл саябағы салынбақ.
– Экономиканың қозғаушы күші – орта және шағын кәсіпкерлікті, яғни, үдемелі индустрияны дамыту бағытында мемлекет тарапынан түрлі жеңілдетілген несиелер беріліп келеді. Содан да «Бизнестің жол картасы-2020», «Сыбаға», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының шарапатын көріп отырған кәсіпкерлер жеткілікті. Алайда, біздер бұған тоқмейілсімей, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға мейлінше қолдау жасауымыз керек, – деген аудандық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы А.Қаржаубаев кәсіпкерлерді аудан аумағын айшықтандыруға сүбелі үлес қосуға шақырды.
«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Жосалы» корпоративтік қорының президенті, І топ мүгедегі А.Қолдабеков мүгедектер көкейінде жүрген сауалдарды ортаға салумен жүр екен. Саралап айтар болсақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға отын-судан көмекке, І топ көз мүгедектеріне және олардың көмекшілеріне қоғамдық автокөліктерде тегін жүруге және әлеуметтік такси шығаруға, көз мүгедектері көмекшілерінің айлық жалақыларын көбейтуге, ауданда радиоторабын ашуға, зағиптар қоғамына тифло-компьютерлер алуға көмек қолдары созылса деген сауалдарына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен тұшымды жауаптар күтіп жүр.
Бізбен кездесу барысында бірсыпыра аудан тұрғындары көпшілік көкейінде жүрген сауалдарын ортаға салды. ЖСДП Қармақшы ауданы бойынша өкілі Қ.Төреев Сыр өңіріне құлаған «Протон» зымыранының келтірген зардаптарына орай өтемақы төлеу керектігі, ауданда балалардың демалыс лагері жоқтығы, «Қожантай» су тоспасының келешегі жайлы мәселелерге қатысты сауалдарын тастады.
Осы сауалдарға орай аудан басшылығы кенттегі балалардың тынығу лагерінің жұмысына мемлекет тарапынан 24 млн. теңге қаржы қаралғанын, лагерь келесі жылы пайдалануға берілетінін, темір жол өткеліне байланысты жұмыстар жоспарлы жүргізіліп жатқанын, «Қожантай» су тоспасына байланысты мәселе де биылғы жылы «ҚазСуШар» мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы көмегімен шешілетіндігін айтты. Ал, «Протон зымыранына байланысты қойылған сауалға апатты жағдайдың материалдық шығындарының есептері шығарылып, бүгінде үкіметаралық екіжақты жұмысшы топтарында қаралып және оның өтемақысына 14 млрд. теңге сұралып отырғанын жеткізді.
Жақында «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құттықожа Ыдырысов ауданда болып, тұрғындармен кездесуде көшбасшы партия төрағасы, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы жылы қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан жолы–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына тоқталып, халықты Елбасы Жолдауына қолдау көрсете отырып, «Мәңгілік ел» идеясын біркісідей іске асыруға және әлемдегі ең дамыған өркениетті 30 елдің қатарына ену жолындағы жұмыстарға жұмыла кірісуге шақырды.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.