ЕЛ АМАНДА ЕЛЕНБЕЙТІН ІС ЖОҚ НЕМЕСЕ ҚАРҒЫН СУДАН ӘЛІ ҚАУІП БАР

Тау етегіндегі ауылдардың қар кетер кезде қарғын сумен алысып, бір әбігерге түсіп қалатыны бар. Әсіресе, қар қалың түскен  жылдары үргін-сүргін үйреншікті жағдай. Адам қанша қабілетті дегенмен табиғат оған ішкі сырын алдыра қоймас, ұмыттырып барып, анда-санда бір үйіріп соғып қояды. Тәуба дегізеді, бұ күніне де шүкіршілік айтып, пенде байғұс бүрсең қаққанын өзі де білмей қалар. Биыл да сөйтті, Жаңақорған ауданының тау бөктеріндегі Бірлік ауылы таңсәрісінен сіркіреп басталған жаңбырдың соңы қалай қарғынға айналып кеткенін аңғармай да қалды. Бұл өткен аптаның сенбісі, ақпан айының 22-сі болатын-ды. Әуелі ескі арықтарды бойлай жөңкіген су бірте-бірте молайып, үй аулаларын, қора-қопсыны тіміскілей бастады. 
– Шұғыл көтерілдік, төтенше жағдайға байланысты штаб құрып, қорғаныс әрекетіне адамдарды жұмылдырдық, – дейді ауыл әкімі Әскер Мұсаев. – Сақтық шарасына қажетті 1500  қап алдырып қойған едік, соларға топырақ, құм салып, қауіпті жерлерге бөгесін салуға кірістік. Әркім өз ауласын қорғағыштағанымен керек кезінде бірлесе қимылдайтын жағдайлар болады. Сол іске ауыл ақсақалдары бас болып, су жолдарының алдын ашуға, бөгетті биіктетуге атсалысты. 
Иә, бірліктіктер сол кезде ауызбірлік көрсете білді, екі тәуліктен астам уақыт арпалысып, алғашқы нөпір суды аман-есен ауылдан өткізіп салды. Әрине, жарамсыздау қораларға ыза тепкені, кей шарбақтарды құлатып кеткен жағдайлары бар, бұл ештеңе емес, ертең орнына келетін шаруалар. Ауыл әкімшілігінің төтенше жағдайларға қарсы күрес шаралары ретінде күш-көлігі бар жеке кәсіпкерлермен алдын ала келісім шартқа отырып қойғаны тіптен жақсы болған екен, солар дер кезінде көмекке келді. Әсіресе, ауыл азаматы Бақыт Берділлаев жарады. Жүк көтергіші, сырғышы бар «К-700» тракторы мен сыйымдылығы мол тасымал  автокөлігімен тілсіз жауға қарсы көп қайрат көрсетті. Ауыл басшылығында көп тәжірибе жинақтаған ардагерлер Рақыш, Кенжебай және басқалар жастарға өнеге көрсеткені рас. Мектеп мұғалімдері мен денсаулық саласы қызметкерлері де белсене араласты бұл іске. Жөппелдемеде қаламымызға аты-жөні ілінбей жатқан басқа да ауыл азаматтары өкпелемес, төтенше жағдайға барлық ауыл адамдары біркісідей қатысты. 
Нақты кезеңде ауыл  маңындағы «Көлтоған» су қоймасына 4 млн. текше метр су жиналды, яғни, тоған шірей толды. Сондай-ақ, табиғи «Шұқырой» тоғанына да су жинала бастады. Оның сыйымдылығы 20 млн. текше метр болса, әзірге ширегінде ғана су бар. Ауыл адамдарының, тіпті бір қырдың астындағы аудан орталығының көңілін демдеп отырғаны осы тоғанға артық суды жинауға мүмкіндіктің бары, ол болмаса жайдақ жерде қарғын су ойпаң жерді өзі тауып алады. 
Жоғарыда айтылған қарғын су – етектегі еріген қарға жаңбыр суы араласуының салдары. Қаратаудағы қалың қардың көбесі әлі сөгілген жоқ, мызғымай жатыр. Ендігі жағдай алдағы ауа райына байланысты, күн бірден ысып кетпей, қоңырсалқын тартып тоң жібісе, жердің ылғалдылық сіңіру қабілеті артып, соңы жаймашуақ болуы мүмкін. Ал тоң кетпей, көктемгі жаңбыр сабалап берсе, сай-салаңа топан су қаптады дей беріңіз.
«Қамсыз емеспіз, жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудандағы су тасқынына қатысты қауіпті жерлерді көрді, селекторлық жиын өткізді, облыстың барлық сала басшыларына қатаң тапсырды. Яғни, бәрі бақылауда деген сөз, аудан басшылығы да сәт сайын хабарласып, жағдайымызды біліп отыр. Аудан әкімінің орынбасары С.Ыдырысов келіп, нақты жағдаймен танысып кетті. Қарғын судың алдын алу шараларын әлі де тиянақтап жатырмыз». Бұл – ауыл әкімінің бекем сөзі. 
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында олар алдағы күндердің де үмітті сөзін айтты, тілегіміз жоғарыға жетсе дейді, көмектессе дейді. Ол былай, жоғарыдағы су тоспасынан келетін су жолының 8 шақырымына 1981 жылы лоток салынғанымен, бергі 8 шақырым жері аяқсыз қалған. Яғни, су жерге сіңіп кетеді  деген сөз. Осы жерге лоток салынып, ескісі күрделі жөндеуден өткізілсе дейді бірліктік ағайындар. Қаржының реті қалай, оны енді құзырлы орындар назарына алар деп сенеміз. 
Сонымен, Қаратауда қалың қардың көбесі сөгілген жоқ, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, тау суына бергі су қосылмасын делік. Иә, босаңсуға ерте, қарғын судан  сақтану шаралары жүйелі жүргізілуі тиіс. Қатердің алдын алуға халық арасында түсіндіру жұмыстарының лайықты жүргізілгендігі керек, ел  аманда еленбей қалатын іс жоқ. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы, 
Бірлік ауылы.

АҚПАРАТ 01 наурыз 2014 г. 902 0