САЛ БОЛҒАН БАЛАЛАРДЫ САУЫҚТЫРҒАН ОРТАЛЫҚ

САЛ БОЛҒАН БАЛАЛАРДЫ САУЫҚТЫРҒАН ОРТАЛЫҚТалсуат елді мекенінде орналасқан республикалық балаларды оңалту орталығының облыстық филиалында алғашқы қадамын басқан мүгедек балаларға арналып тұсаукесер рәсімі өтті. 
Бұл ашылып, қызметіне кіріскеніне небәрі төрт ай толған орталықтың алғашқы қол жеткізген жетістігі. Екі жасар сәбилердің ата-аналары үш апта ішінде балаларын аяғынан тұрғызып беретіндеріне тіпті сенген де жоқ. 
–  Қызылордалық дәрігерлердің менің баламды емдеп, тікесінен тік тұрғызып беретініне сенген жоқпын,– дейді кішкентай Мейірлан Тұрғанбектің анасы 27 жасар Гүлбану Шанаева,– мен басында Астана мен Алматы қалаларына квота сұрадым, бірақ Шымкентте маған жолдаманы осында берді. Қазір мен осында келгеніме еш өкінбеймін. Туылғалы міне, екі жыл болды ұлым еш қимылсыз жата беретін, үш апта ішінде мұндағы мамандар менің баламды аяғынан тұрғызды, алғаш рет «мама», «папа» дегенді айтып, алғашқы қадамын да жасады. Қазір қуанышымда шек жоқ. 
Сал болып туылған екі жасар Мирас Мырзабайұлының анасы да қуаныштан көз жасына ерік берді. – Балама туылған сәтте-ақ осындай қорқынышты диагноз қойылғанда қатты уайымдадым. Қазір мен мынадай оң нәтижені көрген соң тек жақсылықтан үміттену керектігін түсіндім,– дейді ол ағынан жарылып.
Міне, аналар мен балалардың осындай қуанышына орай ұйымдастырылған тұсаукесер рәсімінде облыстық филиал директоры Балсия Қуатбаева аз уақыт ішінде көп еңбекпен аяғынан тұрып, алғашқы қадамын жасаған бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ жол тіледі. 
Директордың айтуынша, бүгінгі таңда аймақта мүмкіндігі шектеулі 2644 бала бар, оның 595-і туабітті сал ауруына шалдыққан. Орталық ашылғалы бері, нақтырақ айтқанда, өткен жылдың 25 қарашасынан бері мұнда 167 бала ем алған, оның 73-і туабітті сал ауруымен ауырады. Бұл балалардың барлығы кешенді емін алған. 
– Бізде балалардың толық кешенді ем алуына барлық жағдай жасалған, ол үшін олармен дәрігер-неврологтар, логопедтер, ине терапеві, еңбек терапеві үздіксіз жұмыс жасайды. Біздің басты міндетіміз – баланы өз-өзіне қызмет көрсете алатындай дәрежеге жеткізу, қатарластары секілді мектепке барып, білім алатындай жағдай туғызу,– дейді білікті басшы. 
Бірақ, баланың қалыпты жағдайға түсуі үшін көп еңбек пен ұзақ уақыт қажет екені белгілі. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін дәрігерлер науқастың бірнеше емдік курстан өтуі қажет екенін айтады, кешенді ем болмайынша, мұндай балғындардың оңалып кетуі екіталай, оның үстіне мұндай жағдайда ата-ананың да рөлі зор екен, яғни, ең бастысы, ата-анада жақсы болашаққа деген сенім болуы керек. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

АҚПАРАТ 01 наурыз 2014 г. 948 0