
«Игілік» корпоративтік қоры. Қазіргі күні өлкедегі көптеген игілікті істер тікелей аталмыш қор көмегімен атқарылуда. Иә, кезінде мұнай компанияларының әлеуметтік салаға деп бөліп келген көмегі шашырап, алақан жайған әркімнің қолында кетпесін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалсын деген ізгі ниетпен атын «Игілік» деп қойған қорға жинақталып келеді. Қорға жиналған мол қаржы бүгінде облыс үшін маңызы зор, қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыруға, түрлі байқаулар мен конкурстар, қайырымдылық шараларын өткізуге жұмсалуда. Қысқасы, қор қаржысы ел игілігіне қызмет етуде. Ал жылдағы дәстүр бойынша «Игілік» қоры қаржысы өткен жылы қайда жұмсалғаны туралы осы қордың басшысы Ақтолқын Шереханнан айтып беруін өтінген едік.
– «Игілік» корпоративтік қорының негізгі жұмысы түрлі жобалар мен ұсыныстарды, іс-шараларды қаржыландыру болып келеді. Ол жеті бағыттан тұратыны белгілі. Осының ішінде басымдық берілетін, яғни қаржы көп жұмсалуы тиіс бағыттарға қайсысы жатады?
– Негізінде «Игілік» корпоративтік қорының атқаратын қызметтері Жарғы бойынша 11 бағыттан тұрады. Әйтсе де, соңғы бес жылдың сараптауы көрсеткендей, қор өзінің жұмысын 7 бағыт бойынша жүргізіп келеді. Сонымен қатар, әр жылдың өзіндік айырмашылығы да бар. Жыл сайын сапасы жоғары әлеуметтік нысандар, жобалар қатары жұлдыз болып жарқырап дарындар саны көбею үстінде. Сондықтан, мына бағытқа ғана тоқталамыз немесе осы бағыт бойынша қаржы көп жұмсалады деп айтуға болмайды. Қор анықтап алған 7 бағыт бойынша келіп түскен маңызды өтініштердің барлығы дерлік сараптамадан өтіп, қаржыландырылуда. Мысал ретінде, «Мұз айдынының» құрылысы аяқталып, 2013 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілгенін айтуға болады. Сонымен қатар, қала келбетін жақсартатын басқа да көптеген жобалар қатарында «Қорқыт ата» атындағы әуежайын кеңейту және бір мезгілде 250 адамды қабылдауға болатын терминалдың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірленгенін айтуға болады.
– Қорға түсетін ұсыныстар мен жобалар Қамқоршылық кеңес сараптауынан өтетіні белгілі. Осы кеңестің жұмысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп тұра ма? Кеңес отырысы қаншалықты шыншыл?
– Қамқоршылық Кеңестің құрамы 7 адамнан тұрады. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, сондай-ақ білім, ғылым, медицина, әлеуметтік салада қызмет атқаратын мамандар да бар. Жарғы негізінде Қамқоршылық Кеңес кем дегенде тоқсанына бір рет жиналады. Сондай-ақ қажетті жағдайда кезектен тыс отырыстар өткізіліп, жедел сұрақтардың шешімін тауып жататын кездері де болады. Қамқоршылық Кеңес отырысы қор құрылған уақытта Жарғымен бекітілген тәртіппен жұмыс атқарады, яғни мен былай жасағым келеді деп әлденені өзгерте салу немесе кеңес мүшелерімен келіспей тұрып тон пішу бізде жоқ. Кеңестің құрамы қордың Құрылтайшылар жиналысында тағайындалып бекітіледі. Қамқоршылық Кеңестің жұмысын ұйымдастырушы және үйлестіруші – Тәуелсіз директор Алмагүл Божанова. Қамқоршылық Кеңес қордың атқарушы органына жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерге сәйкес шешім қабылдайды. Әрбір өтініш Қамқоршылық кеңестің қарауына ұсынылар алдында, Атқарушы органмен толық пысықталып, тиісті құжаттары жинақталып, өтінішке сәйкес зерттеліп, қызметтік хат дайындалып, Қамқоршылық кеңестің қарауына ұсынылады. Кеңес отырысының шыншыл немесе әділ өткізілуіне тоқталатын болсақ, ірі жобаларды жоба қорғаушылары арнайы дайындалып қорғап шығады, ортақ талқылауға түседі. Сонымен қатар, Кеңес отырысында хаттама толтырылады, хаттамада кеңестен өткен, қайта пысықталуға жіберілген және мүлдем өткізілмеген өтініштер себебі нақты көрсетіледі. Ал соңында ел қалаулылары, яғни кеңес мүшелері хаттамамен танысып қол қойылады.
– Қор тарапынан Үкіметтік емес ұйымдардан түсетін жобаларды қаржыландыру жайына тоқталып өтсеңіз.
– Үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары қоғам үшін өте маңызды. Үшінші секторды билік пен халық арасындағы «алтын көпір» деу артық айтқандық емес. 2009 жылдан бері әр жыл сайын облыс әкімдігі, «Азаматтық Альянс» Қауымдастығы және «Игілік» корпоративтік қоры арасында үш жақты меморандумға қол қойылып келеді. 2013 жылы меморандум аясында жобаларды атқаруға 40-қа жуық үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Осы жылдар аралығында ҮЕҰ жұмыстарын салыстыратын болсақ, жылдан жылға олардың сапасы артып, жаңа идеялармен толыққан, адамдарды ұйымдастыру, қаржыны тиімді жұмсай білу, нақты жоспарларды жасау қабілеттеріне ие болғанын байқаймыз. Мысалы, әр жылдары «Қазақ тілі», «Батыр ана», «Көкжиек», облыстық мүгедектер қоғамы, «Чернобыль», «Ұрпақтан ұрпаққа», «Жәрдем-содействие», «Ауған соғысының ардагерлері», «Ауған соғысының мүгедектері» қоғамдық бірлестіктері – қолдауды, қамқорлықты қажет ететін жандардың қоғамнан өз орнын табуына, еңбекке араласуына үздіксіз атсалысып келе жатса, 2013 жылы экологияға, туризмге, ардагерлерге, мұғалімдерге, табиғат қорғау ісіне, балық шаруашылығына қатысты жаңа жобалар қосылды.
– Жастар ұйымдарына қолдау көрсету, өнерлі өлкеміздің өнерпаздарын, спортшыларын түрлі байқаулар мен жарыстарға жіберу жайы қалай?
– «Игілік» қоры қаржыландырған жобаларға зер сала қарасаңыз, облыстағы дарынды талантты жастарға қолдаудың айрықша екендігін байқайсыз.
Қор тарапынан тек биші, әнші жасөспірімдерге ғана емес, спортқа, білім мен ғылымға құмар балаларға да көп қолдау көрсетілді. Қордың қолдауымен №10 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының үздік оқушылары Анар Әбу және Жұлдыз Жанұзақ АҚШ-тағы Техас штатының Хьюстон қаласында өткен халықаралық «І-SWEEEP» жобалар конкурсына биологиялық ғылыми-зерттеу жобаларымен қатысып, төртінші орын иемденді. Ал №9 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернатының үздік оқушысы Батырхан Садуанов Тбилиси қаласында өткен халықаралық конкурста екінші орын иемденді. Сонымен қатар, дарынды шығармашыл балалар халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, Алматы қаласында өткен «Айгөлек» телебайқауына қатысқан «Балбұлақ» би ансамблі І орынға ие болып, Түркия еліне жолдама алса, Ғ.Сражадин «Гран при» жүлдесіне ие болды.
Сонымен қатар, облысымыздағы жастар ұйымдары өздерінің жұмыстарын нәтижелі атқаруда. Оларға үлкен сенім білдіріліп, қолдау көрсетілуде. «Дарын» жастар продюсерлік орталығы шығармашыл жастардың өзін-өзі дамуына жағдай жасау, жас таланттарды анықтау, қолдау, олардың шығармашылық өсуіне ықпал ету мақсатында жұмыстар жүргізуде.
«Қызылорда облысында КВН жұмыстарын дамыту» жобасы жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамытуға және олардың зерделік потенциалын жүзеге асыруға, жастардың бос уақытын тиімді етіп ұйымдастыруға, мәдениеттік және қоғамдық пайдалы іс-әрекеттерге тартып, жастардың арасында тапқырлық қабілеті бар балаларды анықтауда.
Бәрінен де бұрын дарынды, талантты қолдайтын елдің барын біздің жастарымыз ұғынды. Бүгінгі жас – ертеңгі осы аймақтың даму капиталы. Алдағы уақыттары аймаққа инвестицияларды алып келетін солардың қабілет-қарымы, таланты, дарыны. Елбасы биылғы Жолдауында жастарға «Қабылданып отырған Стратегия Сіздерге арналады. Оны жүзеге асыратын да жемісін көретін де Сіздер» деп айтқаны белгілі. Сондықтан да, «Игіліктің» дарындылар мен таланттыларға жұмсаған қаржысы өңірдің ертеңгі дамуына салынған инвестиция деп қабылдауымыз керек.
– Қайырымдылық шараларын өткізу, мұқтаж жандарға көмек көрсету жұмыстарыңыздың бір бағыты. Осы орайда негізсіз көмек сұрап мазалайтындар немесе өтініші қанағаттанбай, үстеріңізден арыз жазып шағымданатындар кездесе ме?
– Бізде қайырымдылық акциялары жиі өткізіліп тұрады. Жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер толық пысықталып, тиісті құжаттары жинақталып, өтінішке сәйкес тұрмыс жағдайы қор мамандарымен тексерілгеннен кейін ғана Қамқоршылық кеңес отырысына ұсынылады. Себебі халық арасында әлі күнге дейін «Игілік» қорын тек қайырымдылық қор деп қарайтындар, ақша сұрап арыз жазсақ қаржы бөліп беріледі деген пікірлер кездеседі. Сол себепті келіп түскен өтініштер толығымен тексеріліп, пысықталады. «Игілік» қоры мүмкіндігіне қарай, шын мұқтаж, мүгедек жандарға, тұрмыс жағдайы өте төмен, аз қамтамасыз етілген отбасыларына қайырымдылық көмек беруде. Алайда, той өткізуге, саяхаттауға, есебін тауып әйтеуір бір ақша алуды мақсат еткендерге қаржы бөлінбегенде бар жаманатты арқалайтынымыз рас. Көмек көрсетілгендерден тек алғыс естудеміз.
– Қордың есеп-қисабын тиісті органдар тексеріп тұратын болар?
– Қордың есеп-қисабын тексеру ең алдымен қордың өз ішіндегі тексерістен бастау алады десем болады. Себебі, әр апта сайын келіп түскен және жұмсалған қаржыны есептеп талдау жасаймыз. Үнемдеу саясаты біздің қорда да бар. Алдағы аптаға жоспарды да қаржыны үнемдеумен бастаймыз. Біз әріптестерімізге, яғни қаржы аударған мұнай компанияларына есеп беріп отырамыз. Өйткені, олардың сенімі біз үшін үлкен нәрсе. Ал қордың есеп-қисабын жыл сайын аудиторлық компаниялар тексеріп тұрады. Олардан бөлек, қаржы саласын тексеретін арнаулы органдар да тексеру жүргізеді.
– Біздің өңірімізге қажетті, мынандай жұмыстар қолға алынса деп күтіп жүрген, өкінішке орай сіздерге түспей жүрген жобалар бар ма?
– Жастардың тарапынан математика, физика, химия, биология ғылымдарына негізделген, келешектің технологияларын жасайтын жаңа жобалар ұсынылмайды. Сондай-ақ, қолөнермен айналысатын жастар да көрінбейді. Осындай жобалар ұсынылса деген үміт бар. Өкінішке орай, ондай жобалар жоқтың қасы.
– Әріптестеріңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз...
– «Игілік» қоры әрдайым өз әріптестерін ерекше сезіммен айтып, мақтан тұтады. Жалпы айтқанда өңірдегі «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Торғай-Петролеум» АҚ, «Қор» мұнай компаниясы сияқты ірі компаниялардың жобаларды қаржыландырудағы үлесі ерекше. Біздің қорға түсіп жатқан қаржы ол - аманат ақша.
– Қалай ойлайсыз, қоғамда "Игіліктің” адалдығына күмәнданатындар бар ма?
– Дәлелденіп тұрған нәрсені дәлелдеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Көзге көрініп, көңілге қонғанды көңілден кетіргісі келетіндер жеке бас мүддесін көздейтіндер деп ойлаймын. Қор қызметкерлері үшін қордың абыройы, нәтижелі жұмысы жеке бас мүдделерінен жоғары. Біз оны дәлелдедік. Біздегі тәртіп пен талап осындай.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.