
ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Мәжілісте Министрлер кабинетінің мүшелері 2014 жылға арналған «Doіng Busness» рейтингінің индикаторларын жақсарту бойынша кезекті жоспар-жобалар топтамасын талқылады.
Өткен жылы еліміз осы рейтинг бойынша үш сатыға жоғарылаған болатын. Яғни, 189 елдің ішінен 50-ші орынға табан тіреді. Алайда, кейбір индикаторлар әлі де төмен көрсеткіште қалып отырғанын сынға алған Үкімет басшысы, алдағы уақытта оны жақсартуға арналған кешенді жоспарларда нақты іс-шаралар қаралатынын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. Ол өз сөзінде Дүниежүзілік Банк рейтингісіндегі көрсеткіштерді жақсарту мақсатында Қазақстанда қолға алынып жатқан шаралар мен нақты жоспарлар жайында кеңінен мәлімет берді. Оның айтуынша, кешенді жоспар аясында заңнамалық актілерге енгізілетін барлық өзгерістер дайын. «Әрбір индикатор бизнес-процестерге бөлінген, оларды жақсарту бойынша шаралар белгіленді. Жоспар 11 индикатор бойынша 46 іс-шарадан тұрады. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде өзгерістер енгізілуі тиіс 19 нормативтік-құқықтық актіден тұратын тізім құрылды. Бұл өзгерістерді қабылдау экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, энергетикалық, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы рәсімдерді жеңілдетуге, кей жағдайларда бірқатарын алып тастауға мүмкіндік береді», – деді Б.Жәмішев.
Үкімет басшысы Серік Ахметов Дүниежүзілік Банктің бизнесті жүргізудің жеңілдігін бағалауына аз уақыт қалғанын жеткізді. Сонымен қатар, ауқымды жұмыстар жасалғанын айта келе, 5 кодекс, 3 заң мен 11 актіге өзгеріс енгізілгенін де тілге тиек етті. Мәжіліс соңында ол Үкімет мүшелеріне кешенді жоспардың жобасын мақұлдауды ұсынды. Ал, Өңірлік даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен үш күн ішінде бекіту туралы өкім жобасын келісіп, Премьер-министр кеңсесіне енгізуді тапсырды.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.