САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ

САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыс әкімдігі мен Еуропаның реконструкциялау және даму банкі өзара несиелік және Қызылорда қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелерін жаңғырту жобасын жүзеге асыру келісімшартын жасасты.
Шараға сонымен бірге, Еуропаның реконструкциялау және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман, банктің жетекші банкирі Бахтиер Файзеев қатысты. 
Алғаш болып сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аталған жобаның маңызы туралы атап өтіп, әріптестік қолдау танытып отырған банк басшылығына алғысын білдірді.
– Құрметті шараға қатысушылар, бүгін біз Еуропаның реконструкциялау және даму банкімен келісімге қол қоямыз. Бұл жоба біз үшін өте маңызды  екені белгілі. Себебі, бұл облыс орталығы – Қызылорда қаласын сапалы ауыз сумен қамтуға байланысты болып отыр. Өздеріңізге белгілі, қаланы сапалы ауыз сумен қамту мәселесі күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоймай келеді.   Аталған жобада заманауи энергияүнемдеуіш құрылғыларды және суөлшегіштерді орнату, құралдар мен жүйелерді реконструкциялау мен жаңғырту, қаланың сумен қамту электронды картасын жасау қарастырылған. Нәтижесінде тұтынушыларды сапалы ауыз сумен қамтитын боламыз және су трубаларының қолдану мерзімі ұзарады, сонымен бірге электрэнергиясы мен суды үнемдеуге қол жеткізетін боламыз,– деді аймақ басшысы.  Сондай-ақ, облыс әкімі Еуропаның реконструкциялау және даму банкі бұдан бұрын Қызылорда қаласында заманауи автобус паркін салу жобасына қолдау білдіргенін және бұл банктің кәсіби қызметінің жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті. 
Аталған жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңі 2014-2017 жылдарды қамтымақ, ал келесі кезеңі 2018-2020 жылдарға ұласады деп күтілуде. Қолға алынғалы отырған жоба бізге дейін еліміздің өзге өңірлерінде жүзеге асырылып, өзінің тиімділігін байқатқан. 
Өз кезегінде сөз алған банктің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман ханым сенім білдіріп, әріптестік байланыс орнатқаны үшін облыс әкіміне алғысын жеткізді.
– Құрметті облыс әкімі, жылы қабылдауыңыз бен сенім білдіргеніңізге үлкен рахмет. Менің бұл Қызылордаға бесінші мәрте келуім, алғаш өткен жылы І Инвестициялық форумға келген болатынмын. Бұл менің жиі келетін аймағыма айналды. Бүгін де айрықша себеппен келіп отырмын, яғни, сапалы сумен қамту жобасын жүзеге асыруға алдын ала келісім жасауға. Елбасының өзі су шаруашылығына аса мән беріп, біздің банкке саланы дамыту бағытында жұмыс жасауды тапсырып отыр.  Мұнан бұрын, жаңа айтып өткенімдей, автобус паркін салу жобасына да қатысудамыз. Екі жоба да сәтті аяқталады деп сенемін. Сенім білдіргендеріңізге тағы да үлкен рахмет,– деп ағынан жарылды Джанет Хэкман ханым. 
Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы мәртебелі мейманды үстіміздегі жылдың сәуір айында өтеді деп жоспарланып отырған ІІІ Инвестициялық форумға қатысуға шақырды. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

АҚПАРАТ 27 ақпан 2014 г. 938 0