Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімі аппаратының мәжілісі өтіп, онда "Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автожолы бойындағы сервистік қызметтердің орналасуы, Қызылорда қаласына жасыл белдеуді орналастыру барысы, мекемелер мен кәсіпорындардың салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдері туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Бегман Көлбаев халықаралық көлік дәлізі бойындағы туристік кластерді дамыту, жолдағы инфрақұрылымы жетілдіру бағытындағы жоспарларды баяндады. Көлік дәлізінің елімізге тиісті аумағында үш санатты инфрақұрылым нысандары салынады. "А” санатына туристік орталықтар, "В” санатына демалыс орталықтары, "С” санатына қызмет көрсету орталығы кіреді. Алғашқы санатқа біздің аймақтағы «Байқоңыр» туристік орталығы, Қамбаш көліндегі туристік орталық, «Ғарыш айлағы» сауда ойын-сауық кешені, киіз үйлі қонақ үй, сондай-ақ, «Қорқыт ата» туристік орталығы ұсынылып отыр. Екінші санатқа әрбір 90 - 120 шақырым сайын орналасатын қызмет көрсету нысандарының құрылысы енген. Олардың 16-сы біздің облыс аумағында салынады. Соңғы санаттағы нысандар әр 50 шақырым сайын орналасады.
Өткен жылы аталған санаттар бойынша жол бойында салынатын инфрақұрылым нысандарының құрылыс техникалық тапсырмалары әзірленіп, бекітілді. Әзірге жобаларды жүзеге асыруға «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Ақ Мұнай» АҚ және «Сырдария авто» ЖШС қызығушылық танытып отыр.
Облыс басшысы қызмет көрсету нысандарының мәдени орындарға жақын салынуы кәсіпкерлікпен қоса туризмнің дамуына жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ мәжілісте аймақ басшысы осы жұмыстарды үйлестіру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. Жұмыс тобы жол бойындағы нысандарда қанша жұмыс орны ашылады, олардан түсетін салық түсімі, тағы басқа мәселелерді жіті зерделеп, қараша айында есеп беретін болады.
Мәжілісте қаралған екінші мәселе бойынша сөз алған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Шәменов жасыл белдеу жүргізу кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанына тоқталды.
Қызылорда қаласы мен Қорқыт ата әуежайы аралығына, қала мен Шымкент автотрассасы аралығына, Жезқазған автотрассасымен және Тереңөзек автотрассасымен екі аралыққа жасыл белдеу орналастыру жоспарланған.
Әуежайға барар жол бойында жер тегістеліп, арық тартылды. Суару және магистральды каналдар жаңадан салынып, қоршау жасалған. Бүгінде мұнда 68 мыңнан астам саялы ағаш көшеттері егілген. Қызылорда қаласының айналасына жасыл белдеу жасаудың 2-ші кезеңінде атқарылатын жұмыстардың ауқымы үлкен.
Аймақ басшысының тапсырмасына орай қаланың басқа да кірер қақпаларына жасыл белдеу орналастыру үшін ағаш отырғызылатын жер көлемі анықталды. Арықтар қазылып, алқапқа отырғызылатын ағаштардың түрі мен саны нақтыланып отыр.
Облыс басшысы бұл жобаны іске асырғанда Қызылорда қаласын шаңды дауылдан қорғауға басымдық берілуі керектігін айтты. Сондықтан жоба қайта қаралып, мамандардың ақыл-кеңесімен қайтадан жасалуы тиіс. Сондай-ақ жасыл белдеудің аудан орталықтары мен белгіленген тірек ауылдарға да орнатылуы қадағаланады. Бұл мәселеде басты басымдықты анықтаудың, яғни Қызылорда қаласын шаңды дауылдан қорғаудың тиімді жолдарын табудың маңызы зор.
Қызылорда қаласы мен аудандарда орналасқан мекемелердің салық және бюджетке төленетін, басқа да міндетті төлемдері туралы хабарлама жасаған облыс бойынша салық департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов пен облыстық қаржы басқармасының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер бойынша берешектерге қатысты мәселелерді ортаға салды. Бүгінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден 21435,3 мың теңге, міндетті зейнетақы қорына аударылатын жарналардан 3774,9 мың теңге және әлеуметтік аударымдардан 322,9 мың теңге, барлығы 25533,1 мың теңгенің берешегі құралып отыр. Оның ішінде, бюджет алдындағы салық төлемдерінен негізгі қарыз 8534,5 мың теңге, зейнетақы қорына аударылатын жарналардан негізгі қарыз 1128,4 мың теңге және әлеуметтік аударымдардан негізгі қарыз 305,1 мың теңгені құрайды.
Аталған берешектердің жиналуына әрекетсіз тұрған мекемелердің 2010 жылдан бері жалғасып келе жатқан қарыздары, қызмет атқарып тұрған мекемелер бойынша тапсырылған салықтық есептіліктері негіз болып отыр. Берешектерді қайтару үшін салық басқармалары міндеттемелерін орындамаған салық төлеушілерге тиісті өндіру шараларын қолданған. Таратылған мекемелердің салық органдарының тіркеуінен шығарылмауы да мәселе туындатуда. Хабарламашының айтуынша, Қызылорда қаласының әкімшілігіне қарасты Ақсуат және Қосшыңырау ауыл әкімшілігінің жанынан ашылған орталықтандырылған бухгалтерияларды жабу туралы шешім шыққанына қарамастан, аталған мекемелердің қарыздары жабылмай, салық төлеушілер қатарынан шығарылмай тұр.
Жыл басында қызметі тоқтатылған мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың саны 80 болған. Оның 39-ы облыстық басқармаларға тиесілі. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік заңды тұлғаларды тіркеуден шығаруға қаражат бөлінген. Салықтар мен зейнетақы қорларына қарыздарын және өсімпұлдарын жабуға да жағдай жасалған. Бірқатар кәсіпорындарды тіркеуден шығару жұмыстарын аяқтауға олардың салық алдындағы қарызының өтелмеуі кедергі келтіруде. Облыс басшысы қызметі тоқтатылған басқармаларға қарасты кәсіпорындарға қатысты жұмыстарды апта соңына дейін аяқтауға тапсырма берді.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі мәселелер толық талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.