
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген «Салық» және «Кеден» кодексінің ерекшеліктерін, толықтырулар мен өзгерістерін түсіндіруге арналған семинар өткізді. Қатысушылар аудиториясын ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелер, шағын және орта бизнес субъектілерінің өкілдері, дара кәсіпкерлер құрады.
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен семинар жұмысына департамент басшысының орынбасары Мұса Қалдарбеков модераторлық етті және облыстың кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Ұлттық экономика министрлігі бизнес қауымдастықтың пікірлерін ескере отырып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа «Салық» кодексінің жобасын әзірледі. Түрлі деңгейдегі талқылаулардан өткен осы Кодекс 1 қаңтардан бастап күшіне еніп отыр.
Қазақстанның жаңа даму сатысы және әлемдік экономикалық даму қарқынына ілесуі, салық-бюджет саясатына көп байланысты. Елбасының салық саясатын оңтайландыру мен жетілдіру бағытындағы Жолдауда белгілеген тапсырмаларының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуы шеңберінде қолданыстағы заңнамалық құжаттар көптеген өзгерістерге ұшырады. Жаңа Кодекс салық салу идеологиясын өзгертіп, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған. Яғни, халық салықты өз бетінше төлеуге ынталанатын болады деген мақсат. Негізгі идеология сонда – барлық түсініксіз баптар мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Жаңа «Салық» кодексі 88 тараудан, 773 баптан (бұрынғы кодексте 687 бап) тұрады. Өзгерістер барлық саланы қамтиды. Жекелеген тиімсіз жеңілдіктер алынып тасталды. Мысалы: Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне байланысты, БСҰ-ның талаптарына қайшы жеңілдіктер алынып тасталды. Енді ішкі өндіріс тауарлары мен импорт тауарларына бірдей шартта салық салынатын болады.
Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдері сақталған. Әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 11 %-тен 9,5 %-ке дейін төмендетілген. Заңға жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы да бірқатар өзгерістер енгізілген. Ал салықты патент бойынша төлейтін салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін де бірқатар жаңалықтар бар. Түптеп келгенде, жаңа «Салық» кодексі адал салық төлеушінің мүддесін қорғайды. Ынталы салық төлеушіге бақылау азаяды, есеп тапсыру және қарыз сомасын төлеу жағдайларында жеңілдіктер қарастырылады.
Сонымен қатар, биылдан бастап жаңа «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» «Кеден» кодексі қолданысқа енді. Бұл құжат кедендік операцияларды жеңілдетуге және жеделдетуге, отандық бизнестің уақытын және қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталған. Оның негізгі идеясы халықаралық сауданың дамуына жәрдемдесу болып отыр. «Кеден» кодексінің негізгі жаңалығы – электрондық кедендік декларациялаудың басымдылығы. Яғни, енді қағаз түріндегі декларациялау тек қана апаттық және ақпараттық жүйе ақауларының анықталуы сияқты ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады. 2018 жылдың 1 қаңтарында электронды декларациялаудың Астана-1 ақпараттық жүйесі экспорт режимі бойынша іске қосылды. Бұл жаңа жүйе Бүкіләлемдік сауда ұйымының Келісім талаптарына және Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кеден кодексіне сәйкес жасалған.
Жаңа «Салық» және «Кеден» заңнамасын түсіндіру кездесулері барлық аудандарда да өткізілді.
Б.ОРДАНОВА,
облыс бойынша мемлекеттік
кірістер департаментінің бас маманы.