Облыстық прокуратурада өткен кезекті брифингте кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық жағдай және оның алдын алу әңгіме болды. Бұл мәселе бойынша облыс прокурорының аға көмекшісі Бақытжан Мырзабаев баяндап берді.
Баяндамашының айтуынша, облысымызда 264 мыңға жуық кәмелетке толмағандар тіркеліп, олардың 136 мыңнан астамы 291 жалпы және 34 арнайы білім ошақтарында тәлім алуда.
Есеп беріліп отырған кезеңде жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілген екі жүз сегіз тексеру нәтижесінде 3713 заң бұзушылық анықталып, 2783 жеткіншектің конституциялық құқы қорғалса, 6 млн. 231 мың теңге залал өндірілген. Ал осы балалардың құқықтарын қалпына келтіруде прокуратурада құрылған мобильді топтар рейдтер барысында олардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген алпыс бес кәсіпкер, темекі бұйымдарын сатқан қырық бес, алкоголь өнімдерін сатқан қырық бір сатушы, сондай-ақ балаларын қараусыз қалдырған жүз отыз екі ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан басқа облыстық наркологиялық диспансер қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген рейд кезінде ішімдік ішкен отыз төрт бозөкпе қолға түскен.
Тиісті органдар тарапынан жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтар тиылмай отыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерекке жүгінейік. Былтыр ішкі істер органдарына әр түрлі құқық бұзған үш мыңнан астам жасөспірім жеткізіліп, олардың 257-сі бейімдеу орталығына жатқызылса, 3067 ата-анаға әкімшілік шара көрілген. Арал, Шиелі, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында қылмыс азайғанымен, керісінше Жалағашта бес, Сырдария ауданында үш есе, ал облыс орталығында 9,2 пайыз өскен. Орын алған қылмыстар жүз тоқсан жасөспірімнің қолымен жасалған. Олардың алпыс тоғызы мектеп, гимназия, лицейлерде оқыса, жетпіс төрті колледждің, тіпте біреуі жоғары оқу орнының студенті екен. Олардың қырық екісі он алты жасқа дейінгілер де, қалғандары 16 мен 18 жас аралығындағылар. Қылмыстардың жиырма бесі ауыр, он бірі аса ауыр, қалғандары орташа және онша ауыр емес қылмыстар.
Тексерулер барысында жергілікті әкімдіктер жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиялары өз міндеттерін орындамай отырғандығы анықталған. Айталық, қала әкімдігі жанындағы осындай комиссия өткен жылы жиырма үш отырыс өткізгенімен, онда жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылықтар және оған ықпал ететін себептердің алдын алу, анықтау және жою жөнінде жұмыстар талқыланбаған. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары, қадағалаусыз және панасыз қалудың жай-күйін зерделеу мен әлеуметтік зерттеулер жүргізілмеген. Комиссия жауапты басқа органдармен бірлесіп олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайына, мемлекет көмегіне мұқтаж жасөспірімдерді анықтауға олардың жеке есебін жүргізуге, осы кәмелетке толмағандарды орналастыруға байланысты іс-шаралар жоспарланғанымен, ол жоспар жүзеге асырылмаған.
Бұдан басқа білім беру саласы қызметкерлері тарапынан қылмыс жасалып, қоғамда теріс көзқарас қалыптасқан. Былтыр осы саладағы 20 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың бесеуі орта мектеп директорлары, төртеуі балабақша меңгерушілері, тоғызы есепшілер мен екеуі мұғалімдер. Аталған тұлғалар қылмысының оны экономикалық, сегізі сыбайлас жемқорлық санатында болса, екеуі жалпы қылмыс саналады. Мысал келтірер болсақ, Қармақшы ауданының Алдашбай ахун ауылындағы мектеп директорының міндетін уақытша атқарған М.Ж. мемлекеттік сатып алу талаптарын сақтамай, ешқандай сұйық отын жеткізілмегеніне қарамастан мердігер жеке кәсіпкердің есепшотына 1 млн. 713,7 мың теңге аударып жіберген. Мемлекет мүлкін талан-таражға салған білім қызметкеріне Қармақшы аудандық сотының үкімімен бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес сот үкімімен немесе медициналық қорытындымен, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдарға жұмыс жасауға тыйым салынған. Десек те, ондай азаматтардың қызмет атқару фактілері анықталған. Айталық, Қазалы ауданында А.Қалибеков мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істеп келген. Осы тектес соттылығы бар адамдар мектептер мен колледждерде сабақ беріп жүрген. Тек, прокурорлық ықпал ету актілері негізінде олар оқытушылық қызметтерінен босатылып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылыпты.
Б.СМАЙЫҰЛЫ.