
Өтіп бара жатқан жылдың айтулы оқиғаларының бірі – халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі. Үш айға созылған ауқымды шараны Қазақ елі абыроймен аяқтады.
Халықаралық сарапшылар оны маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдарға, ал туристік тартымдылығы жағынан әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарға теңестірді. Бірегей көрме ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда өткізілді. Тақырыбы ретінде таңдалып алынған «Болашақ энергиясы» жобасы баламалы энергия көздерін, «жасыл» технологиялар мен экологияны сақтап қалу мәселелеріне арналды. Ондағы мақсат – тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастықтың назарын аудару. Көрмеде әлемнің үздік технологиялары мен тәжірибесі, баламалы энергия көздерін пайдалану саласындағы жетістіктер паш етілді. Үш ай ішінде Астана бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның символы ретінде нағыз ХХІ ғасырдың қаласы ретінде жаңа қырынан танылды.
10 маусым - 10 қыркүйек аралығында көрмеге Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Франция секілді 115 мемлекет және БҰҰ, МАГАТЭ, ЭСКАТО, ШЫБ сияқты 22 халықаралық ұйым қатысып, баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынды. «ЭКСПО-2017» тақырыбын айқындайтын 140 экспозиция көрсетілді. Соның 102-сі – энергия үнемдеу технологияларын қолдану, 32-сі жаңа инновациялық технологиялар мен өнертабыстар, қалғаны басқа бағыттарды қамтыды. Энергетика, құрылыс, инвестиция сияқты салаларда Қазақстандағы ғылыми-ағартушылық, іскер топтардың өкілдері мен көрмеге қатысушы мемлекеттер арасында 36 келісімге қол қойылды.
Қатысушы мемлекеттер – ұлттық, халықаралық ұйымдар мамандандырылған күндерін, шет ел басшылары 105 ресми шара ұйымдастырды. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында 8,5 мың адам еріктілер ретінде іріктеліп алынды. Оның 5,5 мыңы көрме аумағында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың 2500-ден астамы – Астана қаласынан, 900-і – Алматыдан, 1600 волонтер өзге аймақтардан жиналды. Сондай-ақ, Ресей, Қытай, АҚШ, Бельгия, Италия, Польша, Моңғолия, Қырғызстан және басқа мемлекеттерден келген 150 шетелдік волонтер үлес қосты.
Үш айда 4 миллионға жуық адам халықаралық көрменің қонағы болды. Олардың қатарында беделді саясаткерлер, әлемдік деңгейдегі ғалымдар, «Нобель» сыйлығының лауреаттары, инвесторлар мен бизнес қауымдастығының өкілдері де бар. Меймандар халықаралық көрменің маңыздылығын жоғары бағалады. Белгілі сәулетші, Ұлыбритания павильонының бас дизайнері Асиф Хан «ЭКСПО-2017» шарасын 2017 жылдың ең керемет сәттерінің бірі деп есептейді.
– Сәулет өнері және болашаққа бағдар тұрғысында бұл бітімі бөлек шара болды. «ЭКСПО-2017» – жаңа диалог бастаудың айрықша алаңы. Барлық мемлекет үшін ортақ тіл табысып, жаңа мүмкіндіктерге бірге қол жеткізу үшін бұл өте маңызды. Мен Қазақстан халқының қонақжайлығы мен ыстық құшағына тәнті болдым, – дейді ол.
Польша Энергетика министрінің орынбасары Гжегож Тобишовски де Қазақстанға алғаш рет келгенін, болашақ энергиясына арналған көрменің ұйымдастырылуынан үлкен әсер алғанын айтады.
– Осы шара барысында тәжірибе алмасып, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне мұқият зер салуға мүмкіндік алдым. Әлемде өз орны бар польшалық фирмалар энергетикалық және минералдық ресурстар өндіру саласында Қазақстанмен тығыз әріптестік орнатуы қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар инновациялармен бөлісуге де дайынбыз, – дейді польшалық мейман.
Көрменің басты нышаны болған «Нұр Әлем» павильоны қараша айында келушілер үшін есігін айқара ашты. Бұл – көрме кезінде Астанаға ат басын бұра алмаған азаматтарға зор мүмкіндік. Ауқымды шара кезінде ұлттық павильонға 1 млн 300 мың адам келген. Жалпы, «Нұр әлем» Париждегі Эйфель мұнарасы, Брюссельдегі «Атомиум» іспетті белгілі нысанға айналады деген сенім бар. Өйткені Мемлекет басшысының идеясы бойынша көрменің келешегі жарқын болуы тиіс. Оның үстіне, бұл – болашаққа салынған инвестиция, адам капиталын дамытуға бағытталған қадам.
Күллі әлем көз тіккен халықаралық көрме еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша стимул болды. Бұл Қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан тағы бір тарихи оқиғаға айналғаны даусыз.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.