КҮРІШ ЖҮЙЕЛЕРІНДЕГІ СУ ҮНЕМДЕУ

Елбасымыз биылғы Жолдауында Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсынды. Жолдауда осы алға қойылған мақсатқа қол жеткізу барысында, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетіндігі атап өтілген.
Қазақстанның суармалы жерлерінің су үнемдеу технологияларын жасап, өндіріске енгізу бағытында жұмыс істеп жүрген ғылыми-зерттеу институттың бірі – «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты». Институт қызметкерлері Қазақстанның әртүрлі табиғи аймағында орналасқан суармалы жерлердің ерекшеліктерін ескеріп, әртүрлі ауыл шаруашылықтарына жасаған су үнемдегіш технологиялары, алға қойылған міндетті шешуге мүмкіндік жасайды.
Мысалы, Қызылорда облысының суармалы жерлері негізінен күріш дақылын өсіруге бағытталып, көп мөлшерде суды (20000-25000 м3/га) пайдалануды қажет етеді. Сондықтан, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан күріш жүйелеріндегі кәріз-қашыртқылардың конструкцияларының ерекшеліктері, жерасты су деңгейінің жедел көтерілуін анықтайды. Қазіргі кезде, Қызылорда гидромелиоративтік экспедициясының мәліметі бойынша, 60%-дан аса суармалы жерлерде жерасты суы жоғары деңгейде орналасқан. Осыған байланысты, жерасты ыза суларын субирригацияға пайдалану, суару суының мөлшерін кемітуге мүмкіншілік туғызады. Ыза суын суармалы жерлерде пайдалану мақсатында институт қызметкерлері Сырдария өзені алабында көп жылдан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындады.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зерттеу нәтижелері, жерасты суларын суармалы жерлерде субирригацияға  пайдалану, су көзінен алынатын су мөлшерін 30-50%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуге болатындығын көрсетті. Ыза суын субирригация пайдалану, суармалы жердің сумен қамтамасыз етілу дәрежесін арттырумен қатар, су көздерінің ластануын төмендетеді. Мысалы, Сырдария өзенінің төменгі ағысында минералдылығының жоғары болуы, оған суармалы жерлердің жерасты суының тасталуына тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстан «Жасыл экономикаға» көшіп отырған кезеңде институттың жасаған ыза суын суармалы жерлерде пайдалану әдістері, күріш жүйелерінің сумен қамтамасыз етілу дәрежесін арттырумен қатар экологиялық жағдайының тұрақтылығын арттырады. 
Манат АЛТЫНСАРИЕВА, 
экология магистрі.
АҚПАРАТ 22 ақпан 2014 г. 1 420 0