ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ИГІЛІГІ МОЛ

ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ИГІЛІГІ МОЛ«Сыр Медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында қалыптасқан дәстүрге сай кезекті брифинг болып өтті.  Бұл жолы журналистермен жүздесуге облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Имандосов келді.
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өткен басқарма басшысы аймақта бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Өткен жылы облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 трлн. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,1 пайыз болды. Өңірлік Индустрияландыру картасындағы жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өнімі жыл өткен сайын арта түсуде. Бұл салада 65,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 19,3 пайызға артты. Аталған көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша облыс республикада үшінші орыннан көрінді. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібіндегі 1 адамға шаққандағы еңбек өнімділігі облыс бойынша 15,2 мың АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 90,6 пайыз артып отыр (2012 жылы – 8 мың АҚШ доллары). Аталған көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша облыс республикада бірінші орында. 
Жақсы нәтижелер мұнымен шектеліп қалмағанын келесі көрсеткіштер айғақтап берді. Басқарма басшысы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жөнінен облыс республикада екінші, өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі бойынша алтыншы орыннан көрінгенімізді жеткізді. Алғашқысы 2013 жылы 371,3 млрд. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өссе, екінші көрсеткіш 3,1 млрд. теңге болды, яғни өсім 7,4 пайызға жетті. 
Брифингке қатысушы журналистер облыс әкімдігі тарапынан 2020 жылға дейінгі аймақтың индустриялық-инновациялық дамуы туралы тұжырымдама әзірленіп, алдағы 5 жылдықта өңірдің басымдықта дамитын 6 саласы анықталып отырғанынан хабардар болды.  Олар ауыл шаруашылығы кешенін, туризмді, құрылыс саласы материалдарын, машина жасау саласын, металлургия және жаңартылмалы электр энергиясы көздерін дамыту болып табылады.
Индустрияландыру картасының жүзеге асырылуы туралы айтқан М.Имандосов облыс көлеміндегі жалпы құны 152 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба туралы деректерді жеткізді. Өңірлік картада құны 132,9 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба, республикалық картада құны 18,8 млрд. теңгені құрайтын 1 жоба бар. Осы ретте басқарма басшысы республикалық картадағы жобаның жай-жапсары жайлы әңгімелеп берді. 2013 жылы  шыны зауыты құрылысы үшін Қызылорда қаласында орналасқан индустриялық аймақтан 50 гектар жер телімі берілді. Желтоқсан айында Қызылорда қаласында зауыт құрылысымен тікелей айналысатын «Орда Гласс» ЖШС құрылды.  Үстіміздегі жылы зауыт құрылысы басталуы тиіс. 
Ал өңірлік Индустрияландыру картасына кірген 23 жобаның құны 78 млрд. теңгені құрайтын 14 жобасы 2010-2013 жылдары  іске қосылып, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы екі нысан «СКЗ-Ю» күкірт қышқыл зауытының  18,5 мВт электр энергиясын өндіретін кешені және «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» кешені іске қосылды. 2013 жылға бекітілген «жоспарлы қуаттылықты» меңгеру көрсеткіші бойынша облыс республикада бірінші орынды иеленді. 
Биылғы жыл да жақсы жаңалықтармен басталып отыр. Қаңтар айында облыс орталығында ескі автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығаратын өндіріс іске қосылды. Жоба біріншіден инновациялық технология болса, екіншіден қалдықсыз «Жасыл экономика» принциптерінің жүзеге асуына өз септігін тигізеді. 
2014 жылдың міндеттері қатарында басқарма басшысы Индустрияландыру картасына енген 5 ірі жобаны іске қосу бар екенін атады. Сонымен қатар аймақтың инвестициялық-инновациялық даму белсенділігін ынталандыру, облысқа отандық және шетелдік инвесторларды тарту мақсатында Қызылорда қаласында кезекті инвестициялық форум өткізу жоспарланып отыр. 
Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

АҚПАРАТ 22 ақпан 2014 г. 845 0