Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаменті ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік метрологиялық бақылау объектілері болып табылатын өлшеп орау, сату және импорттау кезіндегі кез келген орам түріндегі өлшеп оралған тауарлардың санына бақылау жүргізеді.
Осыған орай аталған мекеме биыл да облыс көлемінде азық-түлік және синтетикалық жуғыш заттарды сатумен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың қызметіне тексерістер жүргізді.
Тексерудің мақсаты – тауар өндіруші, импорттаушы және сатушылардың мемлекеттік стандарттарды, нормативтік құжаттарды міндетті талаптарды орындауын бақылау. Тексеру барысында өлшеп оралған тауарлар санының қаптамаларда белгіленген шамаға сәйкес келмеуі фактілері анықталды.
Өнімдердің таза салмағын өлшеу нәтижесі бойынша: Ресейде өндірілген «Коржи» кондитерлік өнімі, «Царь» тез дайындалатын қарақұмық жармасы, «Брусника киселі», «Sefguard» сабыны, Қазақстанда өндірілген «Лия» кеспесі, «Қара жидек» киселі, «Royal» картоп тағамдарына арналған дәмдеуіш, «Royal» құрғақ кілегейі, «Корона Премиум» жоғары сұрып ұны, «Сим Сим» қуырылған күнбағыс тұқымдары, «Jonsons» сабынының саны қаптамада көрсетілген шамаға сәйкес келмеген. Аталған тауарлардың салмағы таза салмақтың рұқсат етілетін мәнінің шекарасынан төмен болуына байланысты жарамсыз деп танылды.
Мемлекеттік метрологиялық бақылау нәтижесінде Департамент тарапынан заңды тұлғаларға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып айыппұл салынып, заң бұзушылықтарды жою және жарамсыз өнімдер топтамасын айналымға шығаруға тыйым салу туралы нұсқамалар берілді.
Техникалық реттеу және
метрология комитетінің
облыс бойынша департаменті.