ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ СЫРТҚЫ НАРЫҚҚА ШЫҒАРУЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ СЫРТҚЫ НАРЫҚҚА ШЫҒАРУЫ АРТЫП КЕЛЕДІСейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамыту мәселесі қаралды. Селекторлық мәжіліске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Отырыста аталған мәселе бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндама жасады. 
Асылжан Сарыбайұлы еліміз азық-түлік тауарларының ішінде сүт өнімдерін шығаруда өз-өзімізді қамтамасыз ете алатын мүмкіндігіміз болғанымен, импорттық үлестің аз еместігіне тоқталды. Атап айтқанда, қанттың 61 пайызы, ірімшік пен сүзбенің 55 пайызы сырттан тасымалданады екен. Статистикаға жүгінсек, бүгінде елімізде 4,8 млн. тонна сүт өңделеді. Оның ішінде экспорт көлемі 22 мың тонна болса, импорт 903 мың тоннаны құрауда. 
– Бұл жердегі сандардың алшақтығының сыры, сүт сапасының төмендігі мен ірі қаралардың басым бөлігінің жекеменшік қолда болуымен тікелей байланысты. Оған қоса, шаруа қожалықтарының аздығы да қалың бұқараны ақпен қамтамасыз етуде аздық етіп отыр. Сонымен қатар, өңдеу технологиясы мен техникалардың қымбаттығы сүт өндіруде өз ықпалын тигізіп жатқаны жасырын емес, – деді министр. Осы орайда, 2020 жылға қарай сүт өңдейтін 220 кәсіпорын ашу, сол кезеңге дейін мемлекеттің қолдауымен арнайы бағдарлама аясында екі мыңға жуық ірі қара фермаларын іске қосу көзделіп отырғаны белгілі болды. Алайда, министр саланы қаржыландыру, субсидиялау, несиелендіру мәселелеріне қатысты бірқатар қиындықтардың да бар екенін жасырмады. Сондай-ақ, Асылжан Мамытбеков бізде сүтке қосымша құн салығының екі рет салынатынын айтты. 
– Бүгінгі таңда ел ішінде импорттық сүт өнімдері көп болғандықтан, кейбір отандық кәсіпорындар өз тауарларын сату үшін шет мемлекеттерге шығаратыны белгілі. Осы ретте олар бірқатар қиындықтарға тап болуда. Атап айтқанда, салық мәселесіне қатысты. Жеке шаруашылықтарда өндірілген сүтке қосымша құн салығының салынуынан өңдеу кәсіпорындарына жетпейді. Яғни, өңдеушілер сүт сатып алудан бас тартады. Себебі, бұл жерде Заңнамаға сәйкес қосымша құн салығы сүт өңдірушіге емес, оны сатып алып, өңдегені үшін өңдеу кәсіпорындарына салынады. Тап осы жерде олар екі рет шығындалуына тура келеді. Өңдегені үшін және өңдеп саудаға шығарғаны үшін екі рет ҚҚС төлейді, – деді Ауыл шаруашылығы министрі. 
Осы ретте сөзге араласқан Үкімет басшысы Серік Ахметов: бұрынырақта осы мәселені шешудің жолын қарастырыңдар деп Болат Бидахметұлына тапсырма берген болатынмын, деп жауапты Қаржы министрінен күтті. Өз кезегінде Қаржы министрі Болат Жәмішев мәселенің әлі де қаралып жатқанын және Салық кодексіне сәйкес аз-кем өзгерістер енгізу бірнеше кезеңдерден тұратынын алға тартты. Үкімет басшысы мәселенің нақты шешілуін талап етті. – Отандық кәсіпорындар мен өндіріс орындарын мемлекет тарапынан қолдау мақсатымен, Үкімет сан түрлі бағдарламалар қабылдап, қыруар қаржы бөлінуде. Біз бір-бірімізге осылай сілтеп отыра берсек, ауыл шаруашылығы саласын дамыта алмаймыз. Біле білсек, бұл сала бақытымыз да, байлығымыз да болуы тиіс еді. Сондықтан да бұл мәселені қайта тапсырамын. Тек бұл жолы бір апта ішінде шешілуі керек,– деп қысқа қайырды Үкімет басшысы. 
Ауыл шаруашылығы министрі баяндамасында кейбір мәселелермен қатар жетістіктерге де тоқталды. Мәселен, ол тұтынушыларды азық-түлік өнімдерімен қамтуда ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында жақсы жетістіктерге жеткенін, тіпті Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібінің Кедендік одақ елдеріне экспорттық көлемі де арта түскенін мәлімдеді. Мысалы, сыртқы нарыққа шыққан өнім түрлері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 72 пайызға артқан. 
Селекторлық режимдегі отырыстан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

АҚПАРАТ 10 қазан 2013 г. 1 056 0