
Сыр жұртшылығының әл-ауқатының артып, адам санының артуына орай уақыт өткен сайын облыс білім ұйымдарының желісі де өсіп келеді. Бұдан бес жыл бұрын аймақта жалпы орта білім беретін мектеп саны 289 болса, өткен жылы оның қатары екі жаңа мектеппен, Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі №269 және облыс орталығындағы Наурыз елді мекеніндегі №268 мектеппен толықты. Ал биылғы жыл басынан бастап жұмыс істеп тұрған білім ордалары қатарына Шиелі ауданындағы №270 мектеп келіп қосылды. Балалар құзырына берілген жаңа мектептер соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, оқушылардың толыққанды білім алуына сай жасалуда. 2011 жылы өңірде – 9, келесі жылы 7 мектеп үш ауысымда оқыса, өткен жылы бұл тіркес білім саласы мамандарының сөздік қорынан біржолата алынып тасталды. Себебі, өткен жылдың өзінде ғана 11 мектеп құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілді. Оның 9-ы – апаттық, 2-і оқушы орнының тапшылығына орай салынған. Сонымен қатар жас ұрпаққа сапалы білім беру мақсатында жалпы білім беретін орта мектеп оқулықтарын жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңімен қайта басып шығарып, барлық оқушыны оқулықпен толық қамтамасыз ету жүзеге асырылды.
Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуде оның алдындағы жылмен салыстырғанда ілгерілеушілік бары байқалды. Мәселен, облыс 2012 жылы ҰБТ қорытындысында ең соңғы орында болса, өткен жылы 73,4 балл жинап,11 орынға көтерілді. «Алтын белгіге» үміткерлердің 66-сы өз білімдерін дәлелдеп шықты. Өткен жылы облыстың 44 оқушысы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, оның 24-і жүлделі орындарды иеленді. Ал республикалық пәндік олимпиада мен ғылыми жоба сайыстарында 25 оқушы жеңімпаз танылды. Бұл оның алдындағы жылдармен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш саналады.
Өткен жылдың тағы бір айта кетер жаңалығы, облыс әкімінің қолдауымен аймақтың 43 үздік мұғаліміне 1 миллион теңгеден сыйақы берілгені еді. Сонымен қатар, өңірге қажетті мамандықтарға орай тұрмысы төмен отбасынан шыққан 123 мектеп түлегіне еліміздің жоғары оқу орындарына оқу үшін облыс әкімінің білім гранты табыс етілді.
Жаңақорған ауданындағы жыл бойы жұмыс жасайтын облыстық олимпиадалар орталығында биылғы мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындау мақсатында қазан-желтоқсан айларында 642 мектеп бітіруші 5 ауысыммен арнайы курстан өткізіліп, олардың орташа көрсеткіші 5,3 пайызға жақсарды. Алдағы мерзімде оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру, балалардың қосымша біліммен қамтылуын көбейту мақсатында облыстың білім беруді дамытудың жол картасына сәйкес барлық аудан, қаланың жалпы орта білім беретін мектептерінен баланың жеке бас ерекшеліктері мен оның тұрып жатқан аумағын ескере отырып, спорт секцияларын, техникалық және өзге де үйірмелер, клубтарды ашу жоспарлануда. Облыста инновациялық технологияларды өндіретін және дарынды балалардың терең білім алуын қамтамасыз ететін Ш.Есенов атындағы 150 орындық қосымша білім беру орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сонымен қатар, Арал ауданы Шижаға елді мекенінен – 50, Қазалы ауданындағы №170 мектеп ғимаратынан – 100, Жалағаш ауданынан – 150, Сырдария ауданы Аманкелді ауылынан – 30, Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылынан – 100, Түгіскен ауылынан – 125, Төменарық елді мекенінен – 25, облыс орталығындағы №267 мектеп жанынан 100 балаға өнер, әуез, мектептерінің филиалдарын және спорт бағытындағы үйірмелер ашу жөнінде тиісті орындарға ұсыныстар берілді. Оларға жұмсалатын қаржы көлемі есептеліп, алынатын құрал-жабдықтар сараланды. Егер осы ғимараттар бәрі өз дәрежесінде жұмыс істесе, мектеп оқушыларының түгелге жуығы қосымша білім беру орталықтарына тартылатын болады.
Осыдан екі жыл бұрын ғана аймақта мектепке дейінгі ұйым саны 449 болса, қазір олардың саны 508-ге жетті. Соңғы бір жылдың көлемінде, яғни 2012 жылдың қыркүйегі мен 2013 жылдың қазан айына дейін облыста мектепке дейінгі 59 ұйым ашылып, оған 3-6 жастағы балалардың 80,9 пайызы қамтылған.
Білім саласы едәуір жақсарып, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісі ілгерілеп келеді. Заманауи техникалармен, бағдарламалық құрал-саймандармен толық жарақтандырылған білім ордалары болашақ мамандарын даярлаудың алғышарттарын іске асырып келеді. Бүгінгі мектеп оқушысы ертеңгі Қазақ елінің керегесін кеңейтіп, уығын түзейтін, әл-ауқатын жақсартып, шаңырағын биіктететін жанашыр азаматы болары хақ. Сондықтан да оларға берілетін білім мен тәрбие, жасалатын қамқорлық уақыт өткен сайын жаңартылып, жетілдіріле беретін болады.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.