2015 жылдың 24 қарашасында ҚР «Екінші деңгейдегі банктердің жұмыс жасамайтын несиелері мен активтері, қаржы қызметтерін көрсету және ҚР Ұлттық Банкінің және қаржы ұйымдарының қызметтері мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Бұған дейін алынған заемдарды өтеу мақсатында бұрын банктер заемшылардың жағдайларын жақсарту үшін жаңа заем беру жолымен заемдарға қайта құрылымдау жүргізген. Бұл кезде жаңа заем сомасына мерзімінен өткен берешектің, тұрақсыздық айыбының (айыппұл, өсімпұл) сомасы, яғни, негізгі берешек сомасына сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) капиталдандырылған.
Сөйтіп, Заңмен ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша мерзімінен өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын негізгі берешек сомасына капиталдандыруға (сомалауға) тыйым салынды. Бұл талап 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне еніп, бұрын жасалған келісім-шарттардан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады. Сонымен қатар, Заңның аясында ҚР «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі – банктер туралы Заң) 34-бап 3-тармағы жаңа редакцияда баяндалды. Осы тармақтың мақсаттарында қарыз алушы үшін банктік қарыз шартының талаптарын жақсарту деп:
– банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты көрсетілетін қызметтер үшін комиссияларды және өзге де төлемдерді азайту жағына қарай өзгерту немесе толық күшін жою;
– тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық күшін жою;
– банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
– банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және (немесе) ұзарту түсініледі.
Банктік қарыз шартында қарыз алушы үшін жақсарту талаптарының қосымша тізбесі көзделуі мүмкін. Банк жақсарту талаптарын қолданған жағдайда қарыз алушы банктік қарыз шартында көзделген тәртіппен банктік қарыз шарты талаптарының өзгергені туралы хабардар етіледі. Қарыз алушы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банктік қарыз шартында көзделген тәртіппен банк ұсынған жақсарту талаптарынан бас тартуға құқылы.
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер туралы Заңның 34-бабына 3-1 тармағының қосылып, күшіне енгенін назарларыңызға ұсынамыз. Аталған тармаққа сәйкес (жеке тұлға өтініш берген күннен бастап ағымдағы алты ай ішінде) шетел валютасында кірісі жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасында ипотекалық заемдар берілмейді. Сондай-ақ, банктер туралы Заңның 34-бабы 7-1 тармағымен толықтырылды. Аталған тармаққа сәйкес жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жүргізген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
5) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
6) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.
Мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік 180 күні өткеннен кейін жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жүргізген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
6) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.
Аталған талап 2016 жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енді және ол бұған дейін жасалған келісім-шарттарда күшіне енген күнінен бастап туындаған құқықтық қатынастарда қолданылады. Банктер туралы Заңның 35 бабына өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес орындалмаған міндеттер үшін тұрақсыздық айыбының шекті мөлшері шектелген. Енді, берешек 90 күнге дейін өтелмесе банк әр өткізілген күн үшін мерзімі өткізілген төлем сомасының 0,5 пайыз жоғары емес етіп, ал 90 күннен асқанда әр өткізілген күн үшін мерзімі өткізілген төлем сомасының 0,03 пайыз жоғары емес етіп тұрақсыздық айыбын есептеуге құқылы. Бұл жайтта жалпы шектеу банктік заем шарты әр жылдық әрекет ету күші берілген заем сомасының 10 пайыздан жоғары емес болуы сақталған. Заңмен заемшы-жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу үшін оның шотында жатқан немесе шотқа түсетін ақша сомасының 50 пайыздан жоғары емес мөлшерін өндіруге шектеу қойылды. Бұл талап 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізілді. Аталған талап заемшы-жеке тұлғаның жинақ шотында жатқан ақшаға қолданылмайды. Заңмен ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша 180 күннен кейін есептелген сыйақыны және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге шектеу қойылды (2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізіліп, бұрын жасалған келісім-шарттардан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады). Бұл норма заемшы-жеке тұлға берешегінің көбейіп кетпеуіне бағытталған. Қорытындыда заемшы-жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталатын қабылданған өзгерістердің маңыздылығын атап өту қажет. Сонымен қатар, әрбір заемшы алған несиесі бойынша міндеттерді орындауда жауапкершілікте болып, келешекте несие алу мүмкіндігін қамтамасыз етуі туралы ойлауы керек.
«Қазақстан Республикасының
Ұлттық банкі» республикалық
мемлекеттік мекемесінің
Қызылорда филиалы.