«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨҢІРЛІК ДАМУЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Еуроодақ облыс әкімдігімен әріптестік негізде өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына көмектеседі. Бұл туралы кеше «Қызылорда облысындағы шағын бизнестің даму мүмкіндіктері» тақырыбында ұйымдастырылған жиында айтылды.
Аймақтағы бизнестің даму келешегі мен қазіргі жағдайын талқылаған жиынды облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова ашып, шараға қатысушыларды облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды. Мұнан соң  Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының жетекшісі және өңірлік саясатты дамыту сарапшысы Ольга Бродерик еліміз бойынша 3 облыста қолға алынған жоба туралы тарқатып айтып берді. 
Айта кетейік, «Қазақстанның өңірлік дамуы» бағдарламасы ҚР Үкіметінің өңірлік даму саласындағы саясатын іске асыруда консультативтік, заңнамалық, стратегиялық және институционалдық технологиялармен қолдау көрсететін Еуропалық Одақтың көмек жобасы болып табылады.
Жоба жетекшісінің айтуынша, аталған жоба «ҚР жергілікті дамуының саясатына қолдау көрсету» деп аталатын ынтымақтастық бағдарламасының бөлігі болып саналады екен. Және ол 2011 жылы Еуропалық Одақ пен Қазақстан Үкіметінің арасында қол қойылған қаржылық келісімге негізделген. Бұл қанатқақты жобаны жүзеге асыру үшін Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары таңдап алынған.
Жоба сарапшысы Анджей Шафернакер өңірлерде кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі туралы баяндама жасап, өз зерттеуін қатысушылардың талқылауына ұсынды.  
Аталған бағдарламаның түпкі мақсаты – өңірлердің экономикалық және әлеуметтік дамуына қолдау көрсету. Яғни, облыс әкімшіліктеріне кіші кәсіпкерлікті тиімді дамыту жолдарын көрсете отырып, өңір тұрғындарының жағдайын жақсарту. Осылайша, жергілікті экономиканы дамыту арқылы облыстардың бірқалыпты дамуына үлес қосу болып табылады.
Ашығын айтқанда, бүгінде облыс экономикасындағы ШОБ-тың үлесі жоғары емес. Елбасы өткен күзде Сыр еліне жұмыс сапарымен келген кезде шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуді тапсырды. Осы күрмеулі мәселені шешуде облыс әкімдігі Еуропалық Одақтың жобасына жүгініп отыр.
Жалпы, Еуропалық Одақ «Қазақстанның өңірлік дамуы» бағдарламасы аясында мұнан басқа тағы 2 жобаны жүзеге асырғалы отыр. Осы үш жобаның жалпы құны 6 млн. 288 мың еуроны құрайды. Оның жүзеге асыру мерзімі 2017 жылдың ақпанына дейін, яки, 4 жылға созылады.
Шараға қатысқандарға жоба сарапшысы Анджей Шафернакер өңірде кіші және шағын бизнесті дамытуға мол мүмкіндік барын атап көрсетті. Өткен жылдың қараша айында өңірге келіп, зерттеу жұмыстарын бастаған шетелдік сарапшының пікірінше, мұнда кәсібін ашып, дамытамын дегендерге кездесетін қиындықтар аз емес. Сарапшы олардың бастыларын атап өтті. Біріншіден, оның дамуына қағазбастылық, яки, бюрократтық кедергілер бар. Екіншіден, белгілі бір кәсіпті дамытуға қатысты мамандар мен білікті жұмысшылар табу қиын. Сонымен қатар, өз кәсібін бастаймын дегендерге қаржының аздығы да тосқауыл болады. Несиелендіру шарттарының ауырлығы да бұған кері әсерін тигізеді. Кәсіпті дамытуға несие алу өңірдегі елді мекендерде тым қиын. Төртіншіден,  қаржылық шаласауаттылық өңірде кіші кәсіпкерліктің дамуына залалын тигізуде. Екі күндік оқулар мен тренингтер өз мақсатына жете бермейді. Осы орайда, ол кіші және шағын бизнестің дамуына ел Үкіметі мен жергілікті билік барынша қолдау көрсетіп жатқанын, алайда осы көмек ауылдық жерлерде толық жүзеге аса бермейтінін қынжыла жеткізді.  
«Дөңгелек үстел» басында Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстары әкімшілігінен келген өкілдер мен кәсіпкерлікке қатысты үкіметтік емес ұйымдар және кәсіп иелері өз пікірлерін ортаға салды. 
«Қыз Жібек» мейрамханасында ұйымдастырылған  «дөңгелек үстел» жұмысын облыс әкімінің орынбасары Н.Годунова қорытындылады. Ал, алдағы апта ішінде жоба сарапшылары зерттеу қорытындысы мен өз ұсыныстарын облыс әкіміне жеткізетін болады. 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
АҚПАРАТ 15 ақпан 2014 г. 1 096 0