ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫМЕН ЖYЗДЕСУ

Кеше облыстық прокуратурада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына орай халық қалаулылары қатысқан жиын өтіп, оған облыстың құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
– Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып, іс қылса, халықтың мақсаты сонда орындалады» деген екен. Сол айтпақшы, Ұлт көшбасшысы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы барлығымызды ортақ мүдде жолына жұмылдырып, ұлы мұратқа жетелейді, – дей келе, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов бұл маңызды басқосуға аймаққа арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Құттықожа Ыдырысовтың қатысып отырғанын жеткізді.
Бұдан соң сөз кезегін алған сенатор Мұрат Бақтиярұлы, мәжілісмен Құттықожа Ыдырысов Елбасы Жолдауына кең көлемде түсінік берді.
– Жеті басым бағыты бар биылғы Жолдауында Елбасы оларды жүзеге асырудың сара жолдарын көрсетіп, осыған орай Yкіметке берген 21 тапсырмасы бүгінгі таңда өміршеңдігін көрсетіп отыр, – деген халық қалаулылары құқық қорғаушыларды берекелі бірлікке, шынайы тірлікке шақырды.
Депутаттармен жүздесуді қорытындылаған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов айтулы құжатта құқық қорғау органдары жүйесінің сапасын арттырып, мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру міндеттері қойылғандығын, сонымен қатар халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтып, кез келген мәселеде ашықтыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етудің қажеттілігін, осынау ортақ істе облыс құқық қорғау органдарының қызметкерлері тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқара беретіндігіне сендірді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
АҚПАРАТ 15 ақпан 2014 г. 824 0