АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕННІҢ КЕЛЕШЕГІ

АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕННІҢ КЕЛЕШЕГІ
Кеше "Бастау” бизнес орталығында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған аумақтық партия филиалдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. 
Елбасының дәстүрлі Жолдауын талқылауда, елдің 2050 жылға дейінгі жаңа бағдарын халыққа түсіндіруде игі бастамаларға белсенді араласатын нұротандықтарға үлкен жауап жүктеліп отыр. Бүгінгі басқосуда Жолдауда көрсетілген агроөндірістік кешенді инновациялық бағытқа көшіру бағдары  кеңінен талқыланды. Саяси кеңес отырысында сөз сөйлеген аймақ басшысы өткен жылы межеленген іс-қимыл жоспарының жүзеге асқанын, бастауын Елбасы Жолдауынан алатын 2014 жылға арналған іс-қимыл жоспары жасалғанын айтты. Ел дамуының басты стратегиясымен үндесетін, сондағы қағидаттарға сәйкес келетін жоспар бойынша аймақ экономикасын дамыту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту көзделген. Аталған құжат жыл ішінде атқарылатын толымды тірліктерге негіз болады. 
Еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі аймақтық экспортерлерінің біріне айналу үшін аграрлық ғылымды жетілдіру  мақсаты тұр. Осы бағытты жүзеге асыру үшін аумақтық бағдарламалар әзірленбек. Тауар өндірушілерге лизинг арқылы ірі қара, қой және жылқы алу үшін инвестициялық жоба дайындау, іске асырылады. Аймақ басшысы өңірдің басты дақылы – күріш өндірісін ғылыммен ұштастыру туралы ойларымен бөлісті. 
Өңірдегі күріш өндірушілер мен өңдеушілердің жай-күйі туралы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев те айтты. Өткен жылы рекордтық өнім жинаған Сыр диқандары шаруаларының дөңгеленіп кетуіне зор қолдау көрсетілді. Күріш шаруашылықтарының қазіргі жағдайын осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға да болмайды. Халықаралық стандартқа сай өнім шығарғанда ғана оның бәсекелестікке төтеп бере алатынын тауар өндірушілер жете түсінді. 
АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕННІҢ КЕЛЕШЕГІСаяси кеңес отырысында Күріш ҒЗИ ғалымы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Сәуле Байбосынова ғылымға сүйенбей  күріштің экспорттық әлеуетін көтеру мүмкін еместігін айтты. Сыр маржанының өміршеңдігі мен өнімділігін арттыру үшін атқарылатын жұмыстардың ауқымы зор. Институт шығарған сорттар өңірдің қатал климаттық және топырақ жағдайына бейімделген. 
Арал өңіріндегі ағайынның атакәсібі – балық шаруашылығының өркендеуі халықтың бақуатты тірлігін қамтамасыз етеді. Балық консорциумының төрағасы Әділбек Әйімбетов балық шаруашылығындағы қазіргі қалыптасқан жағдайға шолу жасады. Сондай-ақ "Дипломмен –ауылға!” бағдарламасы аясында еңбек етіп жатқан жас мамандар Аягөз Дәлиева, Әсет Сүмбетов өз пікірлерін ортаға салды. 
Саяси кеңес отырысында айтылған ұсыныстар негізінде шешім қабылданады. "Нұр Отан” партиясы Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарын саралауда партия мүшелерінің білім-білігін, өмірлік тәжірибесін пайдаланып, түсіндірме жұмыстарын жалғастыра бермек. 

Гүлжаз ТЕЛЬМАН.
АҚПАРАТ 13 ақпан 2014 г. 820 0