БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ САҚТАЛУДА

Белгілі болғандай, АҚШ доллары апта басында күрт көтерілді. Аталмыш мәселеге орай аймақ басшысы Қ.Көшербаев жедел жиын өткізіп, күнделікті тұтынудағы тауарлар бағасының күрт өспеуін қадағалауды сала мамандары мен аудан және қала әкімдеріне тапсырған болатын. Осы мақсатта қала әкімдігі тарапынан 4 мобильдік топ құрылып, азық-түлік өнімдері мен жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру аясында арнайы рейд  жұмыстарын жүргізуде. 
Сәрсенбі күні болған рейдте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы Сұлтанбек Бисенбаев, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қожахмет Ілиясов бастаған топ халық көп баратын әрі қаланың ірі сауда орындары болып табылатын «Мирас», «Сырдария», «Анвар» орталықтарында болды. Азық-түлік, көкөніс өнімдерін сататын бұл сауда ошақтарында әзірге баға тұрақты, бұрынғы бағаны сақтап тұр. Дегенмен, аталмыш сауда орталықтары қазіргі сәтте тауар қабылдап жатқан жоқ. Егер сырттан келетін өнім қымбат бағамен келсе, онда бағаның өсуі мүмкін деген болжам бар. Десек те, халықтың қалтасына қолайлы бағаны ұстап тұру үшін барынша жұмыс жасалып жатыр. 
«Өздеріңіз білетіндей, АҚШ доллары көтерілді. Осыған орай, бағаны тұрақты ұстап тұруға облыс әкімі тапсырма жүктеді. Бүгін үш сауда орталығында болдық. Әзірге баға бірқалыпты, өнімдер бұрынғы бағасымен сатылуда. Бір апта көлемінде барлығы ретке келеді деп есептейміз. Егер сатушылар тарапынан өнімге кез келген баға қойылып, өсетін болса, заң аясында шара қолданылатын болады»,-деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қожахмет Ілиясов.
Жалпы күн сайын тұтынатын өнімдердің бағасын бағамдап, бақылауда ұстауды көздеген мұндай рейд алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 

М.ОТАРАЛЫ. 
АҚПАРАТ 13 ақпан 2014 г. 894 0