Теңгенің АҚШ долларының жаңа бағамына байланысты кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жиын өткізілді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова АҚШ доллары бағамының көтерілу себебі мен шетелдік валютаны сату және сатып алу бағасын қалыпты ұстау бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайлы таратып айтып берді.
Ұлттық Банктің облыстық филиал директоры Ернар Жұмабековтің мәлімдеуінше, екінші деңгейлі банктердің филиалдарында шетелдік валюта бағамының қоры жеткілікті. Аймақ басшысы Ернар Жұмабековке жергілікті жердегі валюта айырбастау пункттерінде АҚШ долларын айырбастау мен сатып алу дәлізінде ауытқулар орын алмауын қадағалауды тапсырды. Ондай оқиғалар орын алған жағдайда лицензиясы қайтарылып алынатындығын ескертті.
Аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаевқа және ауылшаруашылық басқармасы басшылығына тұрақтандыру қоры мен әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік қорын қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік туризм басқармасы мен «Байқоңыр» ӘКК және аймақтық кәсіпкерлер палатасына күнделікті тұтынудағы тауарлар бағасының күрт өспеуін қадағалауды жүктеді.
Қала мен аудан әкімдері күнделікті тұтынатын тауарлар бағасының тұрақты болуына бақылау жүргізуді тапсырды.