Облыстық ішкі істер департаментінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына ширек ғасыр толуына орай мерекелік жиын өтті.
Иә, ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Сол кезде әскер сапында болған жалын жастардың бірқатары бүгінде ел ағалары атанып отыр. Олардың ерлігі қаһармандықтың шынайы үлгісі саналса, олармен мақтанып, құрмет көрсету өскелең ұрпақтың қасиетті борышы саналады. Ауған еліндегі сұрапыл соғысқа 827 қызылордалық қатысып, 18 жауынгер майдан даласында мерт болса, отыздан астамы туған топыраққа мүгедек боп оралған. Жерлесіміз Владимир Очиров Кеңес Одағының Батыры атанса, бірнеше майдангер «Қызыл Жұлдыз» ордені және басқа наградалармен марапатталған.
Кездесу кешін сөз сөйлеп ашқан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әмірбек Шаймағанбетов Ауған соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігі бүгінгі жастарға тәлімді тәрбие болатындығын жеткізсе, облыстық Ауған соғысы ардагерлері Кеңесінің төрағасы Кайриддин Баймаханов:
Соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Ауған жерінде қаншама қазақ жауынгерлері ерлік көрсетіп, өз елінің мызғымас қорғаны екенін дәлелдеп берді. Бүгінгі бейбіт заманда сол азаматтардың ерлігі ескерілмей қалмауы керек. Егемен еліміз бейбіт күндерді басынан кешіре берсін, дей келе, ризашылығын білдірді.
Қазіргі таңда облыстық ішкі істер департаментінде Ауған соғысының 4 ардагері қызмет жасаса, 18 майдангер ішкі істер органдарында қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Оларға деген құрмет бүгінгі күнмен шектелмек емес.
Жиын соңында қонақ ретінде шақырылған бір топ ардагерлерге департамент бастығының Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары табысталып, Ауған соғысы жайлы деректі фильм көрсетілді.