Бүгінде еліміз бойынша 2014-2020 жылдарға арналған Техникалық реттеу және метрология жүйесін дамыту бағдарламасының жобасы талқыға түсуде. Осыған орай Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен «КазИнСт» РМК-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен жоғарыда аталған бағдарлама жобасын талқылау және конструктивті ұсыныстар енгізу мақсатында «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Бұл шараға аймақтағы метрологиялық қызметтердің, сынақ зертханаларының, сәйкестілікті бекітетін органдардың акредиттелген мамандары мен өкілдері қатысты.
Шараны ашқан департамент директоры Ерқанат Кеулімжаев бағдарлама жобасын таныстыра келе, оның Қазақстан Республикасындағы техникалық реттеу және метрология саласын дамытуға қосар үлесі туралы айтып өтті. Соған байланысты қатысушыларды жобаны талқылауға, проблемалық мәселелер бойынша ескертулер жасауға, ұсыныстар енгізуге белсене атсалысуға шақырды. «Дөңгелек үстел» отырысына қатысушылар өз кезегінде аккредитация, аттестация, сертификация жұмыстары мен сынақтан өткізу және метрологиялық тексеру кезінде кездесетін проблемалық мәселелер жайында өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге, бағдарлама жобасына бірқатар ұсыныстарын енгізді. Мәселен, Қызылорда дабыл және байланыс дистанциясының бас инженері Н.Балғынбаев өлшем құралдарын тексерушілердің мамандандыру мерзімін заманауи технологиялардың жедел дамып келе жатуына байланысты бес жылға созбай, үш жылға түсіру туралы өз ұсынысын жеткізді. Ал осы мекеменің метрологы Е. Дәуленов сынақ қондырғылары бойынша жұмыс жасайтын эксперт-аудитордың және өлшем құралдарын тексерушілердің қайта мамандандыру курстары үшін бір апта уақыт аздық ететінін айтып, оны бір айға дейін ұзарту туралы ұсынысын енгізді. Сол секілді «Инженерлік-метрологиялық орталық» ЖШС-ның бас метрологы И. Поддубный тексеру әдістемелерін жетілдіру жайында өз ойын білдірді.
Отырысты қорытындылаған департамент басшысы бағдарламаның маңыздылығын тағы бір еске салып өтіп, берілген ұсыныстар, ескертулер тиісті мамандар талқылауынан өтетінін жеткізді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.