Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев өткен аптаның сенбісі күні аудан жұртшылығы алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Р.Нұртаев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Әйімбетов қатысты.
Жаңақорған ауданының өзіндік ерекшелігі, соңғы жылдары ауданда атакәсіп ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің қатар дамып, ауданның қаржылық жағдайын жақсартуымен бірге, жергілікті тұрғындардың көптеп жұмыспен қамтылуына игі ықпалын тигізуі еді. Бұл қолайлылық аудан тұрғындарының әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларымен қатар, орта және шағын кәсіпкерлік өрісінің кеңеюіне де дұрыс жағдай жасап отыр. Ауданның табиғи жағдайының оңдылығы Елбасы тапсырмаларына орай жанды іс- қимыл арқылы өріс алып келеді.
Ауданның өнеркәсіп орындары өткен жылдың есепті кезеңінде 31 млрд. 413 млн. теңгенің өнімін өндіріп, оның өнім көлемі бір жыл аралығында 143,3%-ды құрағандығы жоғарыдағы пікірлеріміздің дәйектілігін білдірсе керек. Аталмыш көрсеткішті негізінен өнеркәсіп саласы құрап отырғандығын тағы да еске сала кетелік.
Еліміздегі іске асырылып жатқан Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста 22 жоба іске асырылса, оның ішінде жалпы құны 33 млрд. 982 млн. теңгені құрайтын 5 жоба Жаңақорғанда іске қосылды. Аталған жобалардың іске асырылуы есебінен 485 жаңа жұмыс орны ашылып, 1 жоба республикалық даму картасына, 4 жоба аймақтық даму картасына еніп отыр, деді өз баяндамасында Сұлтанбек Тәуіпбаев.
«Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы картасынан тыс жалпы құны 14 млрд. 295,5 млн. теңге тұратын 3 жоба іске асырылып жатса, 502 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы алғанда, 2010-2013 жылдары өндіріс саласына 48 млрд. 277 млн. теңгеден астам инвестиция салынып, жаңадан 987 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы 2014-2016 жылдары ауданға 60 млрд. теңгенің инвестициясы тартылады деп күтілуде.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Сыр өңірі басшылығына келген мерзімінен бастап барлық ауылдарды аралап, ондағы жағдайларды көзімен көруі тиімді шешім қабылдауға септігі тигендігі анық. Расында, аймаққа жаңаша серпін әкелген бұл бастама әр шаруаның қорытындысында айқын байқалып отырады. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында алдағы кезеңде Жаңақорған ауданында іске асырылатын бірнеше ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Шалқия ЦИНК ЛТД» ЖШС-ның кен байыту фабрикасы, жылдық қуаты 700 мың тонна цемент өнімін шығаратын «Сырцемент» ЖШС зауытының құрылысы, қуаты 50 Мвт электр энергиясы қуатын өндіретін күн электр станциясы, полиэтилен трубалары зауыты, минералды тыңайтқыш өндіретін зауыт құрылысының жобаларын нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Арналы іс қолға алынды, енді ол атқарушы орындардың адалдықпен және де тыңғылықты жұмыс істеуі арқылы өрісті болмақ.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Тату Агро» шаруа қожалығының томат өңдеу зауытын электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 331 млн. теңге тұратын іске асырылып жатқан жобасы Бесарық, Кеңес, Манап елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз етуде.
Мемлекет басшысының үнемі назарында ұстап, барлық деңгейдегі әкімдерге тапсырып отырған мәселесінің бірі орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, оның жергілікті жердегі тиімділігін арттыра отырып, жергілікті халықтың кәсіппен шұғылдануына жол ашу екендігі белгілі. Осы орайда ауданда орта және шағын өндіріс саласы жыл сайын дамып, жаңа қызмет көрсету орындары ашылу үстінде. Солардың бірі Жаңақорған кентіндегі сауда алаңы 1200 шаршы метрді құрайтын, жалпы құны 170 млн. теңге тұратын «Нұрасыл» сауда үйінің жаңадан іске қосылуы. Сол секілді, жалпы құны 30 млн. теңге тұратын «Тасболат и К» ЖШС қуаты тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыт салынып пайдалануға берілсе, кондитер өнімдерін шығаратын екі цех, қабырғалық құрылыс блоктарын (шлакоблок) шығаратын бірнеше цехтар ашылып жұмыс істей бастады. Бұл шеткі аймақ тұрғындарының замана талабын дұрыс түсініп, оңтайлы жұмысқа белсене кіріскендігінің белгісі.
2014 жылдың 1 қаңтарына ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 504 субъекті тіркелген. Оның ішінде 181 бірлігі заңды тұлға, 1732 бірлік жеке кәсіпкер, 591 бірлік шаруа қожалығы. Есепті кезеңде шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 5360 (адам) бірлікті құраса, 6 млрд. 350 млн. теңгенің өнімін өндіріп, жергілікті бюджетті 161,7 млн. теңгенің салық түсімдері толықтырды.
2013 жылы аудан орталығындағы микрокредиттік ұйымдар арқылы аудан тұрғындарына 274 млн. теңге, «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы кәсіпкерлерге 180 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді.
Ауданда ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын 688 шаруашылық құрылымы тіркелсе, оның 341-і егін шаруашылығымен, 133-і күріш өсірумен айналысуда.
Иә, Жаңақорғанда ауылшаруашылық саласының жағдайы да бірқалыпты дамып келеді. 2013 жылы 29261 гектарға немесе жоспардағыдан артық 2129 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 11410 га. көлемі дәнді дақылдар, оның ішінде: 8226 га. күріш, 2192 га. күздік бидай, арпа, 430 га. тары, 502 га. дәндік жүгері, 526 га. мақсары, кұнбағыс, 2876 га. картоп, бақша, көкөніс, 4906 га. жаңа жоңышқа, 9603 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып дер кезінде жиналып алынды. Негізгі дақыл күріштің әрбір гектарынан 40 цн. өнім алынып, 32970 тонна өнім өндірілгендігі аудан диқандарының зор жетістігі. Аудан бойынша межеленген 136 мың тонна мал азығының орнына, 142500 тонна дайындалып 105,0%-ға орындалса, мал азығындық дақылдарының көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 2824 гектарға ұлғайды.
«Көктемгі егіс пен егін жинау кезіндегі жұмсалатын өндірістік шығындарды арзандату үшін облыс әкімінің тікелей араласуымен 193 шаруашылық құрылымына барлығы 344,3 млн. теңге субсидия берілді, сондай-ақ, 34,1 млн. теңге су жеткізіп беру қызметі құнын арзандатуға субсидия төленді», делінді әкімнің есепті баяндамасында.
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы және денсаулық, білім, мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталынды. Президентіміз балалардың болашағы білімде екендігін үнемі ескертумен келеді. Осы орайда аудандағы білім саласын қаржыландырудың жылдан жылға артып келе жатқандығын айтқан жөн болар. Мәселен, білім саласына бөлінген қаржы 2013 жылы өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға артып отыр. Ауданда 2013 жылы 4 мектеп Кейден елді мекенінен 140, Сунақата елді мекенінен 600, Келінтөбе ауылынан 900, Қыраш ауылынан 200 орындық мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2013 жылы Сүттіқұдық ауылындағы 600 орындық мектептің, облыстық бюджет қаражаты есебінен Қосүйеңкі ауылында 200 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталды.
Басқа да салалардың жұмысына егжей-тегжейлі тоқталған аудан әкімі жалпы жыл көлеміндегі Жаңақорған ауданындағы қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп бағалауға болады деп ой қорытты.
Жарыссөзге шыққан еңбек ардагерлері Тұтқабай Сабырханов, Кәрібай Бимұрзаевтар аудан орталығындағы жолаушылар тасымалы жөнінде өз ұсыныстарын білдірсе, білім саласының ардагері Зиауддин Әбілқайыров бірқатар мәселелердің әлі де шешімін табу жолында атқарушы орынның тиімді жұмыс ұйымдастыруы қажет екендігіне тоқталды. Атап айтқанда, ауданда мал базарын ашу, агроколледждің оқу базасының нығаюына көмектесу және кейіннен салына бастаған Май бекеті жанындағы тұрғын үйлердің балаларын мектептерге қатынауы үшін автобустар ұйымдастыруды айтты. Тағы басқа да шығып сөйлеушілер аудан әкімінің біржылдық жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Жиын соңында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С. Әйімбетов Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелер туралы тарқата айтты, облыс әкімінің орынбасары Р.Нұртаев жиынды қорытып, алдағы тұрған міндеттер барысына тоқталды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.