ЕЛГЕ ҮЛГІЛІ АУЫЛДА

Қазақ елінің байтақ даласының қақ ортасына қоныс тепкен Қарағанды облысының күндері Сыр елінде табыспен өтті. Тарихы бай көмірлі Қарағандының экономикалық қарымы қарыштай өсіп-өніп келеді.
Шежірелі Сыр еліне арнайы ат басын бұрған қарағандылықтарды облыс әкімі Бауыржан Әбдішев басқарып келген болатын. Қадірлі қонақтарды құшақ жая қарсы алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевті Сырдария ауданына қарасты өркенді де өнегелі Нағи Ілиясов ауылының көрікті келбетімен таныстырды.
Іссапар барысында облыс әкімі Қ.Көшербаев мәртебелі мейманға ауылдың бүгінгі бейнесін егжей-тегжейлі таныстырды. Саралап айтар болсақ, бұл ауылдың іргетасы сонау 1928-ші жылы «Мақпалкөл» колхозы атауымен шаңырағын көтерген. Бүгінде бұл ауылдың жер көлемі 17549 гектар алқапты алып жатса, осынша жердің 13129 гектары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған. Биылғы жылы 5705 гектар жерге түрлі дақыл егілді. Ауыл тұрғындарының меншіктерінде 2113 бас мүйізді ірі қара, 649 бас жылқы, 1957 бас қой мен ешкі төрт түлік малы бар. Сыр аймағының айшықты да ажарлы ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктері де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Ауыл тұрғындарының несібесін молайтуға Дархан Ералиев басқаратын «Мағжан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Абзал Ералиев басқаратын «Абзал и К» толық серіктестігі сүбелі үлестерін қосып келеді. Маусым қорытындысында «Мағжан и К» ЖШС Сыр аймағының көш басына шықты.
Сапар барысында алдымен №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте аялдаған Қарағанды мен Қызылорда облысының басшыларына мектеп директоры білім ордасы жайлы баяндап берді. 640 оқушыға саналы тәрбие мен сапалы білім беретін білім ордасының бүгінгі тіршілік-тынысы айтарлықтай екен.
– Биылғы жылы, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев, – облыс аймағында 20 білім ордасы шаңырақ көтерсе, келесі жылы 24 мектеп салынбақ.
Мәртебелі мейман мұнан соң іргесін күні кеше көтерген ауылдық мәдениет үйінің жай-жапсарымен танысты. Осы мәдениет үйінде Белкөл ауылының әжелер ән-би ансамблінің ақ жаулықты аналары қонақтарға өз өнерлерін тарту етті. Салтанатты шара соңында Қ.Көшербаев қариялардың өнерлеріне аса риза болғандығын айтып, олардың немере-шөбере қызықтарына кенеле берулеріне шынайы тілектестігін жеткізді.
Келесі кезекте меймандар сәулетті сауда үйінде болып, ел несібесіне ұсынылып отырған азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдармен танысты.
Іссапар соңында ажарлы да базарлы ауылдың келбетін көрген Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішев бұл ауылдың бүгінгі бейнесіне риза болғанын айтты.
– Ауыл тұрғындарының ауыз суы мен аяқ суы шешілген, жасыл желек пен гүл шоқтарына 12 көшесі оранған бұл ауылмен елімізде тең келер ауыл жоқ болар, сірә, – деген мейман басшы шежірелі Сыр елінің келешегі кемелдене түсетініне тілектестігін жеткізді.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы,
Н.Ілиясов ауылы.

АҚПАРАТ 17 қазан 2013 г. 1 243 0