Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігі облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімшіліктерінің 2013 жылдағы жұмыс сапасына қатысты сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, қорытындысын шығарды. Сонымен әкімдер «байқауының» қорытындысы бойынша кім алда? Зерттеу нәтижесінде Бердібек Сапарбаев (Шығыс Қазақстан облысы), Иманғали Тасмағамбетов (Астана қаласы) және Қырымбек Көшербаев (Қызылорда облысы) жетекшілік ететін әкімдіктер алдыңғы шепке шықты. Бұлардың соңын ала Маңғыстау мен Жамбыл облыстары келеді.
Әкімдердің жұмысы 11 критерий бойынша бағаланған. Оның ішінде жергілікті атқарушы биліктің саяси тұрақтылықты қолдауы, әлеуметтік және еңбек шиеленістерін шешудегі ықпалы, аймақтың экономикалық дамуындағы жетістіктер, шағын бизнестің даму көрсеткіші, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуы, тағы басқа жағдайлар ескерілген.
Қырымбек Көшербаевты үздік үштікке көтерген сарапшылар оның келуімен бірге жергілікті биліктің жұмыс динамикасының жақсарғандығын айтады. Аз уақыт ішінде 2020 жылға дейінгі аймақтың даму стратегиясы қабылданды. Стратегия аясында аймақтың әлеуеті бағаланып, салаларды әртараптандыру бағыттары айқындалды. Облысқа жұмыс барысымен келген Нұрсұлтан Назарбаев облыс аумағында көлік ағынына қызмет көрсететін кіші кәсіпкерлік деңгейінің төмендігіне назар аударған еді. «Батыс Еуропа Батыс Қытай» магистралды көлік дәлізі орта және кіші бизнестің дамуына үлкен септігін тигізбек.
«Ең бастысы, «Протон- М» зымырантасығышының зардаптарын жою жөніндегі түйткілді алға тартып, табандылығының нәтижесінде жылы жабылғалы тұрған мәселеге Үкімет назарын аудартты», деп есептейді сарапшылар.
Саяси сарапшылардың Көшербаевқа «2013 жылдың принципшіл саясаткері» деген атақты таңуы да тегін емес.
Айнұр БАТТАЛОВА.