ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ ЖАҚЫНДАТАДЫ
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде мемлекеттік тілді реформалау саясаты қолға алынғаны белгілі. Атап айтқанда, қазақ тілінің латын әліпбиіне негізделген алғашқы жобасы осыған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінде кеңінен талқыланып, ғалымдардың, депутаттардың пікірлері сарапталған болатын. Сонымен бірге, саяси маңызды мәселеге қалың бұқара үн қосып, ақпарат құралдары арқылы ой, пікірлерін ортаға салды. Осылайша алғашқы жобаның артық-кемі айқындалып, қоғамдық көзқарас назарға алынды. Нәтижесінде, латын қарпіндегі әліпбидің жаңа жобасы таныстырылды.
Дәлірек айтсақ, Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерімен кездесті. Жиында Елбасы мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтіп, сондықтан бұл мәселе әрдайым өз бақылауында болатынын айтты. Бұл орайда жаңа әліпби жобасын білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны әзірлеу қажеттігін айтып, Үкіметке жобаны жүзеге асырудың жоспарын дайындауды тапсырды.
Жалпы алғанда, бұл бастама еліміздің рухани жаңғыру бағытындағы ең басты саяси маңызды қадам болмақ. Себебі, жаңа әліпбиді қолдану аясында болашақ ұрпақ жаһандық ақпарат кеңістігінде ғылыми технологияның жаңа мүмкіндігін жан-жақты игеретін болады.
Ләйла ШӨМЕНОВА,
Т.Жүргенов атындағы
№123 мектеп-лицейінің директоры.
Жалағаш ауданы.