Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының аймақтағы өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде қала және аудан имамдарының бас қосқан жиналысы болып өтті.
Онда еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының дін саласы қызметкерлеріне міндеттеген бірқатар тапсырмалары талқыланды. Маңызды мәселелердің бастысы ретінде қоғамға іріткі салып, дініміз бен дәстүрімізге жат әрекет жасайтын өзге ағым өкілдерімен сыпайы, сабырлылықпен жұмыс жасау, насихат жұмыстарын жандандырып, көпшілікті бірлік пен ынтымаққа үндеу және қамқорлық акцияларын ұйымдастырып, қайырымдылық іс-шараларын жиі өткізу аталып өтілді.
Жиын барысында алдағы атқарылатын іс-шаралар белгіленді. Өкіл имам Талғат Сейіткәрімұлының ұсынысымен тұрғындармен кездесулер өткізіледі. Соған орай облыстың бас имамы және облыстық мешіттің найб имамы Асқар Жұбанов жетекшілік ететін екі насихат тобы Сыр өңірін түгел аралайтын болды.
Бағыттарын айқындап, атқарар міндеттерін белгілеген топ мүшелері іске қызу кірісіп кетті.
Жұмагүл БАЛАБАЙҚЫЗЫ.