
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды, – деп Абай атамыз айтқандай, қыстың әлегі көп. Тұрақсыз атанған ақпанда кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауады. Оның қарлы бұрқасыны мен шуақты күндері алма-кезек.
Осындай бұрқасын аязда Қызылорда-Құмкөл тас жолында екі «СЕТРА» автобусы иен далада қалып қойды. Ол Құмкөл кен орнынан Шымкент қаласына қарай шыққан екен. Облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, 150 жолаушыны құтқарушылар облыс орталығына жеткізді. Зардап шеккендер жоқ. Авариялық-құтқару жұмыстарына 3 техника мен 12 адам жұмылған.
Сондай-ақ, Қызылорда-Жалағаш тас жолында Өзбекстаннан Ресейге бағыт алған осындай тағы бір автобус бұзылып қалған. Көлік ішінде 90-ға жуық адам болған. Төтеншеліктердің Сырдария аудандық бөлімі көмегімен ғана жолаушы толы автобус алға жылжыды.

Қаңтардың соңғы күндері адасып, қар құрсауында қалған Арал ауданының төрт тұрғынын ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы дер кезінде құтқара алды. Аудан орталығына қарай бет алған ауыл тұрғындары бұрқасында адасып қалып, «Еврокоптер» тікұшағының көмегі арқасында құтқарылды.
Құтқару жұмыстары кезінде «КамАЗ» автокөлігінің жолда тұрып қалғаны да анықталған. Құтқарушылар оларды Құланды елді мекеніне жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ал ауданның басқа бір бұрышында жолда қалған тағы бір көлік Жіңішкеқұм елді мекеніне бағытталған жолдан табылды. Абырой болғанда, адамдар аман, құтқарушылар дер кезінде жете білген.
Синоптиктердің болжамы да мәз емес, бүгін-ертең қар борап, қайта аяз көтерілмек. Сол себепті, құтқарушылар өңір тұрғындарын уақытша алыс-жақын сапардан бас тартуын сұрап отыр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.