«Қазақстан КТК (КВН) Одағы» аймақтағы ең үздік филиал мен премъер лига чемпионын анықтады. Көңілділер мен тапқырлар клубының ойыншылары «Тұңғыш Астана» құрамасы премъер лига чемпионы атанса, аймақтағы бөлімшелер ішінен «Қызылорда КТК» филиалы 2013 жылдың үздігі атанды!
«Қызылорда КТК» филиалы, қазақ тілі мен қазақтың ұлттық дәстүрлерін сақтауды мақсат еткен ұйым. Ұйым салауатты өмір салтын қалыптастыруды, жастардың интеллектуалды қабілетін жүзеге асыру және олардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға ықпал жасап келеді.
Былтыр көктемде аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы облыстың белсенді жастарымен кездесу барысында «Қызылорда КТК» филиалы өкілдері, "Жайдарман” сайыстары өткізілетін мәдениет ошақтарының жалға алу құнын төмендетуді сұраған болатын. Облыс басшысы сала мамандарына тапсырма беріп, нәтижесінде барлық ойын өткізілетін орындарды тегін алуға мүмкіндік берді.
Аймақ басшысы қолдауының арқасында «Қызылорда КТК» бөлімі әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында әр Жайдарман ойындарында сатылған билеттерден түскен қаражатты республикалық ойындарға қатысу шығындарына және «балалар церебральды параличімен» (ДЦП) сырқаттанатын балаларға қаржылай көмек көрсетіп отыр.
Бүгінгі күнге дейін 500 КТК ойындары ұйымдастырылып, жұмыстардың жүйелі жүргізілуі нәтижесінде жарық жұлдыздар тәрбиеленді. Көптеген жастарды өзіне баураған КТК қозғалысы жастардың сүйіп тамашалайтын ойындарына айналды. «Қызылорда КТК» филиалы құрылған уақыттан бері «Сыр Елі» республикалық лигасы, облыстық жоғары, премъер және мектеп лигасы, аудан чемпионаттары секілді жобаларды іске асыруда. Филиалдың қазіргі таңда облыс бойынша жеті жүзге жуық ойыншысы, бес мыңнан астам көрермені бар.
«Қызылорда КТК» бөлімшесі осы жобаларды үстіміздегі жылы да жалғастыруды көздеп отыр.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.