ШЕТЕЛДІКТЕР ЖҰМЫСЫ ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ

Бұдан бұрынғы жылдары еліміздің кез келген аймағында жеке және заңды тұлғалар құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін өзге елдің азаматтарын жұмысқа жегіп, көптеген заңсыздықтарға жол беріліп келгені белгілі. Осы кезге дейін көршілес өзбек және қырғыз елдерінің азаматтары жасыратыны жоқ, Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз нәпақаларын тауып келді. Кезінде осынау келеңсіз әрекеттері үшін бірқатар қазақстандықтар жауапқа тартылса, гастарбайтерлер мемлекет шекарасынан шығарылған болатын. Енді биылдан бастап шетелдік азаматтарды жұмысқа тарту заңдастырылып отыр. Осыған орай газет тілшісі облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерғали Шерімбетовке жолығып, әңгімеге тартқан еді.
– Ерғали Бердіқожаұлы оқырмандарымызды жаңа Заң турасында хабардар етсеңіз?
– Нақтырақ айтсақ, өткен жылғы желтоқсан айының оныншы жұлдызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Онда шетелдіктердің жеке тұлғаларда жұмыс істеу үшін рұқсат берудің жеңілдетілген тәртібі белгіленген.
– Аталған заң қандай мақсатты көздейді?
– Бұл заңның негізгі мақсаты – біріншіден, жеке тұлғаларға шетелдіктердің жұмыс күшін пайдалануға жеңілдік жасау болса, екіншіден, кейбір санаттағы еңбек иммигранттарының елімізде еңбек ету тәртібін заңдастыру.
– Бұл заң кімдерге қолданылмақшы?
– Аталған заң тәуелсіз Қазақстанға визасыз келетін ТМД мемлекеттерінің азаматтарына қолданылатын болады. Бұл жерде ашып айтар бір мәселе – жеңілдетілген тәртіппен жұмыс істеуге рұқсат тек жеке тұлғалардың қажеттіліктеріне байланысты ғана беріледі десек, екіншіден, ол жеке кәсіпкерлердің пайда табуына кедергі келтіреді.  Бір сөзбен айтқанда, енді мекемелер, ұжымдар, кәсіпорындар осы санаттағы еңбек иммигранттарының жұмысын табыс көзі ретінде пайдалана алмайды.
Жасыратыны жоқ, бұрын облыс аумағында ала тақиялы ағайындардың жеке тұлғалардың үй-жайларын салып, жөндеу жұмыстарымен айналысатын құрылыс бригадаларын ұйымдастырып, оларды табыс көзіне айналдырғандар да кездесті. Бір қуанарлығы, жаңа заң оларға енді еңбек иммигранттарын заңдастыруға мүмкіндік бермейді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, еңбек иммигранттары табыс көзі болмауы керек, тек үй шаруасына қажетті қызметші ретінде пайдалана алады.
– Қанша қызметшіден тиесілі болады?
– Аталған заңға сәйкес қандай да бір жеке тұлға өзінің үй шаруашылығындағы жұмысына бес гастарбайтерден жалдай алады. Яғни, бір үйдің шаруасына бес қызметші жеткілікті деп белгіленген.
Тағы бір айтарым, шетелдік жұмысшы қанша уақыт жұмыс істейтінін өзі белгілейді. Ол айына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салық төлеп, бір жылға дейінгі рұқсат мерзімін ұзартуға құқылы. Биылғы жылға ең төменгі айлық есептік көрсеткіш 1852 теңге болып белгіленгенін ескерсек, шетелдіктің бір айға төлейтіні 3704 теңге. Ал жұмыс беруші салықтан босатылған. Ол тек еңбек келісім-шартының негізінде шетелдік қызметшісіне айлық жалақы төлеп отырады.
– Ерғали Бердіқожаұлы, тағы бір сұрақ. Шетелдіктерге рұқсат қалай беріледі?
– Рұқсаттарды шетелдіктердің уақытша тіркелген жерлері бойынша ішкі істер органының көші-қон полициясы бөліністері қызметкерлері рәсімдейді. Рұқсат алғашында бір айдан үш айға дейін берілсе, одан кейін қажетті мерзімге ұзартылады. Алайда шетелдік азамат он екі ай жұмыс жасағаннан кейін өз еліне кетіп, отыз күннен кейін қайта келіп жұмысын одан әрі жалғастыруға құқылы. Сондай-ақ, рұқсат тек бір қала мен аудан аумағына ғана жарайды. Айталық, шетелдік Қызылорда қаласына келіп рұқсат алғанымен,  басқа ауданға барып жұмыс жасаса, онда ол көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты құқық бұзушылық саналып, оған қатысты әкімшілік шара қолданылады.
– Соңғы сұрақ. Рұқсат беру қашан басталады?
– Шетелдіктерге жеңілдетілген тәртіппен жұмыс жасауға рұқсат беруді рәсімдеу жақын күндері жүзеге асырылатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

АҚПАРАТ 01 ақпан 2014 г. 1 017 0