БРУЦЕЛЛЕЗДЕН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ

 Адам ағзасына елеулі қауіп тудыратын өте жұқпалы аурулардың бірі – бруцеллез. Аталған жұқпалы аурудың қоздырушысымен адам ғана емес, барлық мал түрлері аурады.

 Бруцеллез – Brucella  туысына жататын және ауыл шаруашылық малдарының алты түрлібактериялар қоздырушылары. Оның ішінде ұсақ мал (қой, ешкі) арасында кездесетін Brucella melitensis түрі өте қауіпті және жұқпалы деп саналады. Бруцеллез ауруының алғашқы байқалатын клиникалық белгілері – буаз малдың жаппай түсік тастауымен басталады. Осындай клиникалық белгілерді мал дәрігері негізге ала отыруы қажет, себебі сыртқы ортаға түсік арқылы шыққан бруцелла қоздырғыштарының уыттылығы мен залалдылығы өте жоғары деңгейде болады. Сыртқы ортаға бөлініп шыққан бруцелла қоздырушылары ортаға өте төзімді болып келеді. Сүтте бруцелла қоздырушылары 10-273 тәулік, май өнімдерінде – 10-142, ірімшікте – 25 тәуліктен 1 жылға дейін, сүзбеде – 45, ашыған сүтте – 2-30, мұздатылған етте – 320, тұздалған майда – 30-113, жүнде – 14-90, қозы терісінде – 2 айға дейін, топырақта – 40 тәулікке дейін, ал 5-8 см тереңдікте – 60 тәулік бойы өз өміршеңдігін сақтайды.

 Бруцеллезбен ауырған малдан адамға ауру әр түрлі жолдармен беріледі. Залалданған құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы, қойдың жүнін қырқу, мал сою, жаппай мал төлдету кезінде, мал терісін өңдеу барысында және де басқа да жағдайлар кезінде, яғни шикі азық-түліктерді пайдалану арқылы қоздырғышты жұқтырып алуы ықтимал. Сонымен қатар малмен тығыз байланыстағы адамдардың жеке басты гигиенасы да толық және мұқият сақталуы қажет. Әсіресе, мал төлдету науқаны кезінде сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, арнайы киімдер мен резина қолғаптар, етіктер, халаттар және фартуктермен толық қамтамасыз етілуі қажет.

 Бруцеллезден таза емес мал шаруашылықтарын сауықтыру шаралары мен залалданған малды жою және сыртқы ортаны залалсыздандыру жұмыстарын толық атқару тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сыртқы ортаны залалсыздандыру үшін 20% сөндірілген известің езіндісі мен 5% нефтализолдың эмульсиясы, 2% формальдегид, 0,5% глутаральдегидінің ерітінділері қолданылады.

 Өте жұқпалы бруцеллез ауруын болдырмау үшін аталған аурудан таза шаруашылықтарды және де басқа елді мекендердегі мал иелері мына төменде келтірілген талаптарды міндетті түрде орындаулары қажет: шаруашылықтан мал шығарып әкелу және шаруашылық ішінде сұрыптау, бөліп-қосу, іріктеу жұмыстарын жүргізу тек қана мал дәрігерінің қатысуымен істелуі тиіс. Ал аурудан таза шаруашылықтарынан әкелінетін малдың анықтамалары түбегейлі тексеріліп, нұсқауға сәйкес бір ай бойы бақылауда болуы қажет. Бақылау кезінде малдан қан алынып, арнайы зертханаларға серологиялық реакциялармен тексеруден өткізіледі. Барлық тексерулер нәтижесінде, белгілі мерзім өткен соң, жалпы мал отарына не табынына шаруашылықтың бас мал дәрігері рұқсат бергеннен кейін ғана қосуға болады.

        

М.ҮМІТЖАНОВ,

ветеринария ғылымдарының 

докторы, профессор.

Е.ОСПАНОВ,

ветеринария ғылымдарының кандидаты.

 Б.ҚАНАТОВ,

ветеринария ғылымдарының кандидаты.

АҚПАРАТ 14 қыркүйек 2017 г. 818 0