
Сейсенбіде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен университет қамқоршылық кеңесінің мәжілісі өтті. Мәжілісте аймақтағы еңбек нарығындағы мамандарға сұраныс пен облыс әкімінің гранттары, оқу орнының 2013-2020 жылдарға арналған даму стратегиясы мен білім беру қызметінің жаңа бағыттары, қамқоршылық кеңестің корпоративтік қорын құрып, басшылығын сайлау мәселелері талқыланды.
Қамқоршылық кеңестің өткен отырысында еңбек ресурстарының балансын жасап, жоғары және кәсіби оқу орындары мемлекеттік тапсырысты соған сәйкес қалыптастыру тапсырылған еді.
Жастарымыз диплом алады, бірақ ол маманға сұраныс жоқ. Олардың болашағын біз ойламағанда кім ойлайды? деді облыс басшысы.
Өткен жылдан бері мемлекеттік білім гранттарынан өзге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халық шаруашылығының сан түрлі салаларына қажетті мамандар дайындау үшін облыс әкімінің гранттары тағайындалды. Биылғымен қосқанда барлығы 300 грант ауыл жастарына, үлгерімі жақсы көпбалалы отбасы балаларына берілмек. Аймақтағы индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыратын, әлеуметтік саланы дамытуға үлес қосатын жас мамандарды дайындауға қолдау көрсетіледі.
Еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы хабарлама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың арасындағы алшақтық ұлғайғанын атап өтті. Біздің өңірде кейбір салалар маман тапшылығын тартып отырса, экономика, заң салаларына мамандар артығымен даярлануда.
Бүгінде жұмысқа орналасу мәселесімен 1958 жұмыссыз тіркелген. Оның 340-ы жоғары білімді, 1618-і арнаулы орта білімді мамандар. Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға және өндірістердің кеңеюіне байланысты 4832 маманға сұраныс түсіп отыр. Сұранысты сараптар болсақ, өңірдің еңбек нарығы 3566 арнаулы орта білімді, 1266 жоғары білімді маманға зәру. Техникалық мамандарды және 166 жоғары кәсіби маманды, яғни металлургия саласына 27 адамды, 68 дәрігерді оқыту қажеттілігі туындаған.
Өңірдің орта арнаулы оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектердің 45 пайызы ғана жұмыс тапқан. Бұл мемлекеттік тапсырыстың еңбек нарығындағы нақты жағдаймен үйлеспейтінін аңғартты. Еңбек ресурстарының балансы алдағы уақытта қажетті мамандардықтарға ғана мемлекеттік тапсырыс беруді реттейді.
Тағы бір дерек, 2011-2013 жылдары "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы аясында оқу курстарын бітірген 5918 адамның 82,3 пайызы жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның түпкі мақсатына қол жеткізу үшін білім беру сапасын арттыру мәселесі туындап отыр. Өткен жылы жол картасына енгізілген өзгеріс бойынша, жұмыс берушінің сұранысы негізінде білім беру ұйымы мен бағдарлама қатысушысы келісімге келіп, төртжақты әлеуметтік келісім-шарт жасасады. Талап бойынша білім беру ұйымына оқыту, ал жұмыс берушіге жұмысқа алу міндеттелген.
Өткен жылы өңірге қажетті мамандықтарды игеру үшін 123 грант бөлінді. Алдағы жылдарғы еңбек нарығының сұранысы зерттелгенде, өнеркәсіп саласына 157, авиацияға 8, ветеринарияға 10, туризм саласына 2 маман қажеттілігі анықталды. Өткен жылғы грант иегерлері Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, М.Әуезов атындағы және Қорқыт ата атындағы оқу орындарында оқиды. Ал биыл Мәскеу технологиялық университетімен, Қазан мемлекеттік техникалық университетімен, Мәскеу авиациялық институтының Байқоңыр филиалымен келісім жасалды.
Кеңес мәжілісінде университеттің стратегиялық мақсаты туралы сөз сөйлеген оқу орнының ректоры Қылышбай Бисенов әріптестік байланыстарды дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Қазіргі уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Корея, Польша Республикаларында, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында, Қазан қаласының университеттерінде студенттер білім алуда. Университеттің кадрлық әлеуетін дамыту үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Облыс экономикасын әртараптандыру бағытында қолға алынған бастамаларды жүзеге асыруға ең алдымен мамандар керек. 2014-2015 оқу жылынан бастап геология және пайдалы қазбалар кен орнын барлау, тау-кен ісі, бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы, органикалық заттардың химиялық технологиясы, пайдалы қазбаларды байыту мамандықтары кезең-кезеңімен ашылмақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту мақсатында ветеринарлық санитария саласына мамандар даярланады.
Қолданысқа енгізілген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заң жер қойнауын пайдаланушыларға 2015 жылдан бастап ғылыми-техникалық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды қаржыландыруға жиынтық жылдық табысының кемінде 1 пайызын бөлуді міндеттеді. Қаржы университеттің инженерлік бейіндегі зертханасы, агробиологиялық және қолданбалы зерттеулер, технологияларды коммерцияландыру және аймақтық кәсіпкерлікті дамыту орталықтарының әлеуетін арттыруға бағытталса, оң нәтижеге қол жетеді.
Университеттің материалдық-техникалық базасының деңгейіне тоқталған ректор құрылысы 1940, 1970, 1971 жылдары үш бөлініп жүргізілген №6 оқу ғимаратының алғашқы салынған ортаңғы бөлігі апатты жағдайда тұрғанын атап өтті. Қазіргі уақытта болашақ құрылыстың техника-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптаудан өтуде. Оқу орнының басшысы университеттің ғылыми-техникалық кітапханасына жаңадан кітап қоймасының, инженерлік бейіндегі зертхананың жобаларын таныстырды. Инженерлік бейіндегі зертханадағы электронды микроскоптың аналитикалық мүмкіндіктерін жетілдіру, жылыжай аумағын кеңейту туралы жоспарлармен бөлісті.
Мәжілісте қамқоршылық кеңестің корпоративтік қорына университеттің материалдық базасын нығайтуға, түлектерді шетелдің оқу орындарында оқуын жалғастыруына қолдау білдіруге, дәріс беруге жетекші шетелдік ғалымдарды шақыруға ықпал ету жүктелді. Қорға "Байқоңыр” ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Асхат Сүлейменов жетекшілік ететін болады. Облыс әкімі корпоративтік қорға тиісті қолдау көрсетілетінін айтып, оның басшылығына жариялы түрде жұмыс атқаруды тапсырды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.