ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

УКРАИНА: ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ
ДҮБІРЛІ ДҮНИЕУкраинаның премьер-министрі Николай Азаров қызметінен кетті, деп хабарлайды РИА Новости.
Бас министр өзінің бұл қадамын ел ішіндегі саяси дағдарысты бейбіт түрде шешуге деген ниетімен түсіндіріп отыр.  «Қоғамдық-саяси ымыраға қосымша мүмкіндіктер туындату үшін және қақтығыстың бейбіт түрде реттелуі мақсатында мен Украина президентінен қызметімнен кетуге рұқсат сұрауға шешім қабылдадым», - дейді ол өз мәлімдемесінде. Азаровтың сөзіне қарағанда, қазіргі жағдай Украинаның экономикалық және әлеуметтік дамуына қатер төндіреді.                                 
«Үкімет текетірес кезінде қақтығысты бейбіт түрде шешу үшін барын салды. Біз қантөгіске жол бермеу үшін, зорлық-зомбылық өрістеп, азаматтардың құқығы тапталмас үшін қолдан келгеннің бәрін де жасаудамыз және жасай да береміз. Үкімет сындарлы жағдайда экономика мен әлеуметтік қорғаныс жүйесінің дұрыс жұмыс атқаруын қадағалады. Алайда, қақтығыстардың өткірлігі мен қатерлілігі азаматтар өмірі мен Украина тағдыры үшін қосымша, жауапкершілігі зор қадамдарды талап етеді», - деп атап өтті ол.  
Бұған дейін Украина президенті Виктор Янукович оппозиция лидерлеріне үкімет қатарынан жауапты лауазымдар ұсынған болатын. Айталық, «Батькивщина» оппозициялық фракциясының лидеріне премьер-министрлік, ал УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличкоға гуманитарлық мәселелер жөніндегі вице-премьер қызметі ұсынылған еді. Дегенмен, оппозиция өкілдері бұл ұсыныстан түгелдей дерлік бас тартты. 
 

КАИР: ЖАРЫЛЫСТАН ҮШ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ
ДҮБІРЛІ ДҮНИЕКаирде қалалық полиция басқармасының алдында көлік жарылып, үш адам қаза тапты. Египеттің «МЕНА» агенттігінің хабарлауынша, жарылыстан тағы 40-тан астам адам зардап шеккен.
Жарылыстан кейін оқиға болған маңда атыс естілген. France Press агенттігінің хабарлауынша, жарылысқа жауапкершілікті «Әл-Каида» тобымен байланысы бар «Ансар Бейт әл-Маглис» радикалды исламшыл тобы мойнына алып отыр.
 
 

 
 

ҚЫТАЙ:  ҚҰС ТҰМАУЫНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ
ДҮБІРЛІ ДҮНИЕҚытайда H7N9 құс тұмауының таралуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіле бастады.
Елдегі аурудың алдын алу және бақылау ұлттық қызметінің мәліметіне сәйкес, аталмыш вирусты 96 адам жұқтырып, оның 19-ы көз жұмған. Жағдайды толық зерттеуге кіріскен дәрігерлер вирустың адамнан адамға жұғатынын жоққа шығармай отыр.
Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, елдің бірқатар аудандарында тірі құсты сатуға тыйым салынған. Бұл ескерту бірінші кезекте Чжэцзян провинциясына қатысты. Себебі, онда 49 адам осы дертті жұқтырып, оның 12-сі қайтыс болған. Сондай-ақ құс фабрикалары мен жабайы құстар мекендейтін саябақтар бақылауға алынды.  Бұған қоса, Шанхайдағы құс базары да жабылды. Жыл басынан бері онда 8 адам құс тұмауын жұқтырып, оның тең жартысы көз жұмған. Гуандун, Гонконг, Цзянсу, Фуцзянь және Хунань өңірлерінде де аталған дерттің құрбандары туралы ақпарат тарала бастады. Осыған орай, елдің әкімшілік орталығындағы базарларда 20 мың құс еті жойылды. Дәрігерлер халыққа тірі құстың орнына мұздатылған етті пайдалануға кеңес беріп отыр.
Құс тұмауына қатысты оқиғалардың ізі суымай жатып әлем назары тағы да аспан асты еліне ауды. Ресми билік Шыңжаң  провинциясында лаңкестікке байланысты ұйымдастырылған операцияда 12 адамның оққа ұшқандығын хабарлады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олардың жартысы өлтірілген және қалғаны лаңкестік жасаймыз деп байқаусызда өздері жарылып кеткен. 
Қытай билігі оқиғаға кінәлі өңірде өршіп тұрған діни экстремизм екендігін айтып отыр. Ал биліктің басты алаңына айналған ұйғыр белсенділері «Аймақтың діни жағдайы тұрақты, орталықтағылар өздерінің диктаторлық әрекетін бүркемелеу үшін осындай мәлімдеме жасайды», – деген пікірде.

ИРАК: ЛАҢКЕСТІККЕ  ТЫЙЫМ БОЛМАЙ ТҰР
Иракта бірнеше лаңкестік әрекет орын алып, салдарынан 15 адам қаза тапты. Ең ірі лаңкестік әрекет ел астанасының Мукдадия ауданында тіркелді. Онда екі жарылыс салдарынан алты адам опат болды, деп хабарлайды РБК Assocіated Press агенттігіне сілтеме жасап. 
Сондай-ақ, Бағдат қаласындағы Амарийя ауданында миналанған автокөлік жарылып, 4 адам құрбан болды, тағы 12-сі жарақат алды. Осыған ұқсас жағдай Садийя ауданында тіркелді, ондағы жарылыс екі адамның өмірін жалмады. Туз-Хормато қаласында жарылыс салдарынан үш адам көз жұмып, тағы бесеуі жарақат алды.  Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 2013 жылы Иракта қаза болғандардың жалпы саны 8 мың 868 адамды құрады, оның 7 мың 818-і бейбіт тұрғын.

ГЕРМАНИЯ: СНОУДЕН СҰХБАТ БЕРДІ
ДҮБІРЛІ ДҮНИЕРесейден уақытша баспана алған АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден алғаш рет телеарнаға сұхбат берді.
Германиялық NDR телекомпаниясы қойған сұрақтарға берген жауабында Сноуден «өнеркәсіптік шпионажбен айналысып келеді» деп АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігін айыптайды. Ол қазіргі уақытта қолында ешқандай құпия құжаттар жоқ екенін айтып, ондай құжаттардың барлығын бұған дейін журналистерге бергенін қайталады. 
Былтыр өзі қызмет істеген ұлттық қауіпсіздік агенттігінің құпия құжаттарын жариялап, әлемді шулатқан Сноуден біраз мемлекеттен саяси баспана да сұраған еді. Олардың арасынан Ресей үкіметі ғана 30 жастағы тыңшыға бір жыл мерзімге уақытша баспана берген. АҚШ заңы бойынша, ұлттық қауіпсіздікті жария еткен адамға ұзақ мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы тағайындалады. «Былтырдан бері бой көрсетпеген Эдвардтың бұл мәлімдемесі оның енді басқа елден саяси пана сұрауы мүмкін екендігін білдіреді» деседі халықаралық сарапшылар. 
Сноуденнің бұл сұхбатының Ресей мен Америка қарым-қатынасына сына қағып тынатын түрі бар. Кеше ғана АҚШ тарабы хоккейшілерін Сочи Олимпиадасына жібермейтіндіктерін жария етті. Олар өздерінің бұл шешімін Сочиде қауіпсіздік қызметінің дұрыс жолға қойылмағандығымен байланыстырса да, екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа Сноуденнің сызат түсіргені аңғарылып тұр.
АҚПАРАТ 30 қаңтар 2014 г. 872 0