МҰЗ ҚҰРСАНҒАН ДАРИЯНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

МҰЗ ҚҰРСАНҒАН ДАРИЯНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?Дария суы қыс айында көтерілсе, алдымен дүрлігісіп қалатындар қатарында Шиелі ауданы бар екендігі ақиқат. Әсіресе, қайбір жылдары дария үстінен қызыл су жүріп, мұз буғанда жағалауға жақын ауылдар ауа көшуге шақ қалды. Адам аман, алайда ептеп мал шығын болғандығы да анық. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, сондықтан да қаңтар ауып, ақпан тақалғанда қауіпсіздік шараларының атқарылуының мәнісін білмекке, тиісті мекемелерге бас сұқтық. Суға қатысты шу шықса, сол маңнан табылатын жанның бірі «Шиелісушар» өндірістік мекемесінің басшысы Абдулла Мақұлбековті ертесімен кеңсесінде ұшырастырдық. Орынбасары Дихан Әубәкіров те осында екен. 
Сауалымызға орай олар мына мәліметтерді алдымызға жайып салды: «Қыс айларында жоғарыдан келетін мол суды қабылдап, аман-есен төмен қарай өткізу мақсатында су жолдарының жағалаулары мен  гидротехникалық құрылыстарда сақтық шаралары тоқтаусыз жүргізіліп келді. Атап айтқанда, «Ақтам – Мешеулі» қорғаныс бөгетін көтеруге және де өзге де қауіпті жерлерін қомдауға 4 млн. теңгенің жұмысы атқарылды. Сондай-ақ, Бәйгеқұм ауылы тұсындағы «Хан-қожа» көлінің дамбысының 1 шақырымын 0,5 метр биіктікте көтеруге 5 млн. теңге жұмсалынды. Бұдан бөлек, қауіп туындайтын Р-12-1 каналы, 0-2-2-0 каналдарының сағасындағы су тоспасы және де қажетті жерлерге 1 көзді гидротехникалық құрылыс салу жұмыстары ойдағыдай атқарылыпты. Тиісті жұмыстарды атқаруға қажетті техникалар жұмылдырылып, барлығы да қалыпқа сай атқарылып шыққан». 
– Қыс айы болса да, барлық мамандарымыз, гидротехниктеріміз өздерінің орнында қызмет атқаруда. Барлық қауіпсіздік шараларын жасап, оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында жұмыла еңбек етіп жатырмыз. Нақты кезеңде біздің Шиелі ауданы тұсынан 600 сек3 су өтіп жатыр. Алдағы уақытта оның көлемі жоғарыдағы «Көксарай» су өткізгішіне су жинау мақсатында азаюы мүмкін. Сондықтан еш қауіптенуге негіз жоқ. Диқандарымыздың алдағы көктем егісіне алаңсыз дайындалуына мүмкіндік бар. Суға қатысты мәселелер облыс басшыларының да назарында тұр. Күнделікті мәліметтерімізді беріп отырмыз, – дейді А. Мақұлбеков. 

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі ауданы. 
АҚПАРАТ 28 қаңтар 2014 г. 1 027 0