Өткен бейсенбіде «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен тұрғындары жуырда ғана жолданған Елбасының «Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын кеңінен талқылады. Барлығымызға белгілі болғандай Н.Назарбаев кезекті Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз.
...Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деп ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде атап көрсеткен. Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен үміт, жаңа серпін берген бағыт болды. Жаңа бастаманың басымдығын бағамдауға жиналған көпшілікке ең алдымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Лариса Кәрібаева аймағымызда мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасының әзірленіп бекітілгенін және бағдарлама аясында атқарылған әрі енді жүзеге асатын жұмыстарды толығымен жеткізді. Мұнан соң сөз алған «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйі» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Гүлсім Дәулетбаева Жолдаудан туындаған ауқымды мәселелер жайын сөз етсе, мекеме тұрғыны, ІІ топтағы мүгедек Ғалым Жұманов мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетіп, олардың еңбек адамы ретінде қалыптасуына ерекше мән беріліп жатқандығына өз ризашылығын білдірді.
Жалпы, Жолдауда айтылған әрбір мәселе қарттар мен мүгедектерге үлкен серпін әкелді, үміт отын одан сайын жандандыра түсті. Ендігі жерде олар да ел дамуына өз үлестерін қосатын болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.