
Осы аптаның бейсенбісінде Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханасында қызылордалық белгілі футболшы Әбіл Қалымбетов жайлы жазылған «Пять звезд Полковинка или Жизнь, отданная футболу» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Кітаптың тұсакесерінде туысқандары, достары және әріптестері абзал азамат жайында естелік әңгімелер айтты. Туысқандары атынан сөз алған Әйтен Ділманова ол кісінің бала жасынан спортқа бейім болғанын тілге тиек етті. Ес білгеннен футболдың қыр-сырына үңілген жас өрен өсе келе жергілікті команданың жейдесін киіп, жанкүйер қауымның жылы ықыласына бөленді. Жасыл алаң төрінде жарқылдап көзге түсті. Жалпы, футбол тарихында 21 жыл бойы ойын көрсеткен жампоздар санаулы. Үнемі өзіне жауапкершілікпен қарай білген саңлақ биік белестен бір сәт те төмендеп көрген емес. Ұзақ жылдан бері «Қайсарға» жанкүйерлік жасап келе жатқан Владимир Толоконников Ә.Қалымбетовтің тәртіпке көңіл бөлгендігіне тоқталды. Соның арқасында жиырма жылдан астам уақыт бойы ол өзін бабында ұстап, команданың маңызды ойындарына зор үлесін қосты. Сондай-ақ, отырыс барысында «Қайсар» футбол клубының маманы Ислам Аяпов, Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатының директоры Ибрагим Нұрпейісов және басқа да азаматтар естеліктер айтты.
Сыр жұртшылығы Ә.Қалымбетов есімін жақсы біледі. Ол 1968-1989 жылдар аралығында табан аудармастан Қызылорданың «Қайсар» командасында ойын көрсетті. Кеңес Одағы біріншілігінде 650 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына 24 гол соқты. Сондай-ақ, кубок ойындарында 4 мәрте жасыл алаңға шықты. Футболшылық кәсібіне нүкте қойғаннан кейін командада түрлі қызметтер атқарды. Өткен жылдың қаңтар айында өмірден өткен Ә.Қалымбетов жайында жазылған бұл кітапта туыстары, әріптестері және достарының естеліктері топтастырылған. Оны облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Тимур Қасымов құрастырған. Таралымы 500 дана.
Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.