ТЕМІРЖОЛДЫҢ ТАРЛАНЫ

ТЕМІРЖОЛДЫҢ ТАРЛАНЫ«Теміржол – экономиканың тірегі» деп орынды атайды. Бұл тұрғыда осынау іргелі саланың қосар үлесі қомақты. Елбасымыздың Жолдауында да жолаушылар тасымалы, адам өмірі мен қауіпсіздігі басты  бағытты қамтиды. Қазалы локомотив зауыты аудан көлеміндегі іргелі ұжымдардың бірі. Өндірісі өрлеген, табысы толағай ұжымда еңбегімен елге танылған шынайы мамандар аз емес. Солардың бірі тепловоз жөндеушісі – Жүсіп Тоқабаев. 
Жүсіп Өтегенұлы аудан орталығындағы №216 Қаныш Сәтбаев атындағы мектепті бітірісімен осы мекемеде еңбек етіп келеді. Қашанда қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын білікті де ізденімпаз жан ұжымдастарының арасында жоғары беделге ие. Ұзақ жылғы бай тәжірибесінің арқасында өз ісінің шебері атанған Жүсіп жұбайы Зәуре екеуі төрт перзент тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы. 
Жылқы жылы Жүсіп үшін абыройлы басталды. Ол еңбек жолындағы жоғары табысы үшін Астанадағы «Қамқор Менеджмент» ЖШС бас директорының бұйрығымен «Даңқты еңбегі үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Жуырда Қазалы локомотив жөндеу зауытының директоры, аудандық мәслихат депутаты, «Құрметті теміржолшы» Нұрлан Әлмағамбетов бұл жоғары марапатты Жүсіп Тоқабаевқа салтанатты түрде тапсырып, жылы лебізін, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, оған кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлық табысталды. 
Өзіне жүктелген кәсіби міндетін адал әрі жауапкершілікпен орындап жүрген Жүсіп Тоқабаевтың алдағы уақытта да абырой биігінен көріне беретініне сенім мол.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
АҚПАРАТ 28 қаңтар 2014 г. 882 0